Республикалық автожолдарда қардан қорғайтын 55 мың метр қалқан орнатылады – ИИДМ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазіргі уақытта еліміздегі автотрассаларда 133 жылыту бекеті жұмыс істеп тұр, деп хабарлады Индустрия министрлігі.
Республикалық жолдарды қысқы маусымда күтіп ұстауға "Қазақавтожол" ЖШС кәсіпорны 1 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырды. Көктайғаққа қарсы 122 мың текше метрден аса құм мен ұнтақ, 18 мың тоннаға жуық тұз және химиялық реагенттер дайындалды.
Сонымен қатар, қар құрсауы пайда болуы мүмкін жерлерде 55 мың метрден астам қардан қорғайтын қалқандар және 5 мыңға жуық уақытша жол белгілері орнатылуда.
Бүгінгі таңда республикалық жолдардың барлығы ашық. Оларды күтіп ұстау жұмыстары тәулік бойы жүргізіледі. Қар басатын барлық учаскелерде ауа-райының өзгеруіне байланысты және жол элементтерін ауыстыру үшін шұғыл әрекет ететін тәулік бойғы патрульдеу ұйымдастырылды. Сондай-ақ, сапарда қиын жағдайға тап болған жолаушылар үшін ел бойынша 133 жылыту бекеті жұмыс істейді, - делінген ақпаратта.
Оқыс жағдайлар туындаған кезде жол қозғалысына қатысушылар 1403 нөмірі бойынша тәулік бойы істейтін call-орталыққа хабарласа алады.