Республикалық жолдардың бойында 400-ден астам санитарлық торап орнатылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында 2025 жылдың соңына дейін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында санитарлық-гигиеналық тораптардың 297 бірлігін орнату көзделген.
Бұдан бөлек, жеке инвестициялардың есебінен санитарлық-гигиеналық торабы бар 128 жанармай құю бекеті тұрғызылады деп күтілуде.
Биыл қайта жаңарту жұмыстарының аясында «Шортаңды-Зеренді», «Қарағанды қаласының айналма жолы», «Нұр-Сұлтан-Павлодар», «Жетібай-Жаңаөзен», «Нұр-Сұлтан қаласының айналма жолы», «Ұзынағаш-Отар», «Өскемен-Рахман қайнары» мен «Петропавл-Қорған» автожолдарында 22 санитарлық торап қойылады. 2021 жылы санитарлық-гигиеналық тораптың 40, 2022 жылы – 50, 2023 жылы – 55, 2024 жылы – 65 және 2025 жылы - 87 бірлігі орнатылады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, 2025 жылдың соңына дейін халықаралық және республикалық маңызы бар жолдардың бойында жеке инвестициялардың есебінен санитарлық-гигиеналық торабы бар Compass, ҚазМұнайГаз, Helios, Sinooil және Kaztransgas сияқты компаниялардың 128 жанармай құю бекеті қойылады.
Бүгінгі таңда «Алматы-Қорғас», «Алматы-Ташкент», «Самара-Шымкент», «Ақтөбе-Мартық», «Нұр-Сұлтан-Теміртау», «Алматы-Өскемен», «Екатеринбург-Алматы» мен «Доссор-Ақтау теңіз порты» автомобиль жолдарында 18 жанармай құю бекетінің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Жол бойындағы сервисті дамыту мәселесі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің басты назарында.
Еске салайық, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ автожолдардың ақылы учаскелерінде жеке инвестициялар есебінен санитарлық-гигиеналық тораптары бар модульдік павильондарды орнату бойынша конкурс жариялаған болатын.