Республикалық пәндік олимпиада өз мәресіне жетті
Алматы, BAQ.KZ. Назарбаев Зияткерлік мектептері (бұдан былай - НЗМ) жыл басында еліміздің үш өңірінде өткізетін республикалық (желілік) пәндік олимпиада аяқталды.
800-ге жуық зияткер екі күн бойы өзара бақ сынап, білімдерін ортаға салды, деп хабарлады Алматыдағы НЗМ.
Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қатысушылар жаратылыстану бағытындағы информатика, химия, биология, география пәндері бойынша білім таластырды. Нұр-Сұлтан қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінде үздік зияткерлер Қазақстан тарихы, Адам.Қоғам.Құқық, математика және физика пәндерінен өзара сынға түсіп, озық ойлы оқушылар білім биігінен көрінді. Шымкентте лингвист зияткерлер бас қосып, қазақ, орыс, ағылшын, неміс, француз тілдерінен бақ сынасты. Биылғы желілік олимпиаданың бір ерекшелігі, оқушылардың білімін бағалаушы әділ қазы алқаларының құрамын халықаралық олимпиада шыңына жеткен НЗМ түлектері толықтырды. Комиссия құрамындағы бұл жаңашылдыққа оқушылар да оң пікір білдірді.
Мен біздің нәтижелерімізге мектебіміздің түлегі, Гарвард университетінің студенті Селимжан Чалышканның баға беретініне қуаныштымын. Өйткені ол олимпиаданың ішкі құрылымын жақсы біледі. Бір кездері білім бәйгесіне бірге дайындалғанымыз есімде. Кейінірек, Селимжан бізді олимпиадаға дайындаушылардың бірі болды. Оның бұл процесске өз үлесін қосатынына сенімдімін, – дейді Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Кұдайберген Бейсембаев.
Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қоржынына жүлделі бірінші орын салған химиядан олимпиада жеңімпазы, НЗМ командасының халықаралық құрама мүшесі, XXVI TUYMAADA халықаралық олимпиадасының күміс жүлдегері, 10 сынып оқушысы Бексұлтан Ақылбеков те өз қуанышымен бөлісті.
Желілік пәндік олимпиадаға екінші жыл қатарынан қатыстым. Бұл мен үшін баға жетпес тәжірибе болып отыр. Деңгейімнің өскенін байқадым. Тапсырмалар мен сұрақтар жылда жаңартылып, қатысушылардан жан-жақты дайындықты талап ететінін байқауға болады, – дейді ол.
Жалпы Олимпиаданың қорытындысы бойынша, 800-ге жуық қатысушының ішінен 38 оқушы – 1-орын иеленді. 76 оқушы – 2-орын, 108 оқушы – 3-орын дипломдарымен марапатталды. Ал жүлде саны бойынша командалық есепте ең үздік нәтиже көрсеткен Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебімен Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі "2020 жылғы үздік команда" атағына ие болды.
Алматы қаласы химия-биология бағытында өткен Республикалық (желілік) олимпиаданың салтанатты жабылуында "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ дамыту департаментінің директоры Гульфарида Раисова жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттап, құттықтады.