Республикалық маңызы бар жолдар жөнделуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның автомобиль жолдарында қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шұңқырларды жамау, жол жабындысындағы олқылықтарды жою жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Бүгінге дейін «Қазақавтожол» ЖШС мамандары жолдардың 527000 мыңнан астам шаршы метрінде шұңқырларды жамаса, жол жабындысының 127 000 шаршы метрінде олқылықтарды жойған. Атап айтқанда, «Өскемен –Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары» жолының 147000-нан астам, «Қызылорда – Павлодар» күре жолының 67 000-нан астам, «Тараз – Үтмек – Қырғызстан шекарасы», «Шу - Благовещенка» жолдары мен «Қырғызстанның батыс кірме жолының»  12000-нан астам, «Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғас», «Самара – Шымкент», «Жызақ – Жетісай – Қызыләскер – Сарыағаш – Жібек жолы» жолдарының 5200-ден астам, «Қызылорда – Жезқазған» жолының 5800, «Павлодар – Успенка – РФ шекарасы», «Павлодар – Шербақты – РФ шекарасы» және «РФ шекарасы – Майқапшағай» жолдарының 31000-нан астам шаршы метрінде тиісті жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар, жолшылар «Жезқазған – Петропавл», «Көкшетау – Кішкенекөл – РФ шекарасы» және «Көкшетау – Рузаевка» жолдарының 48000-нан астам шаршы метрінде, «Подстепное – Федоровка – РФ шекарасы», «Орал – РФ шекарасы» және «Чапаев – Жалпақтал – Қазталов – РФ шекарасы»  тасжолдарының  25000-нан астам шаршы метрінде жөндеу жұмыстарын аяқтады, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, жол жабындысының бұзылуы мен деформациясының негізгі себептеріне ауыр жүктерді тасығыш көліктердің білікке шамадан тыс (8 тонна) салмақ түсіруі, қозғалыстың белгіленген температуралық режимінің сақталмауы жатады. Бұл өз кезегінде жолдың қозғалыс бөлігінің, жол жамылғысының бұзылуына әкеп соқтырады. Аталмыш фактор жүргізілетін жұмыстарға айтарлықтай ықпал ететіндіктен, жолшылар өндірістік жоспарды асыра орындады. Осы ретте Түркістан мен Қарағанды облыстарында жоспар 168%, Жамбыл облысында 147%, Шығыс Қазақстан облысында 139%, Қызылорда облысында 120%, Батыс Қазақстан облысында 126%,  Павлодар облысында 102% және Солтүстік Қазақстан облысында 105% орындалған.

Еске салайық, республикалық маңызы бар жолдарда үздіксіз және қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында жұмыстардың барлығы кешенді мақсатты бағдарлама аясында жүргізіледі.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы