Республикалық бюджет 95 млрд теңгеге артады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкімет отырысында ҚР ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау бойынша сөз сөйледі. 

«Жалпы ішкі өнімнің өсуі – 3,8%, мұнай өндіру 89 млн тоннаны құрады. Әлемдік мұнайдың бағалары жоғары құбылмалылығын көрсетеді. Осыны ескере отырып, мұнайдың болжамды бағасы барреліне 55 АҚШ доллары деңгейінде сақталды. Жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 4,0-6,0% шегінде сақталған», - деді Дәленов.

Министр республикалық бюджет кірістерін 95 млрд теңгеге арттыру ұсынылғанын айтты, оның ішінде салықтық түсімдер – 12,0 млрд теңгеге, салықтық емес түсімдер – 83,0 млрд теңгеге. Трансферттерді есептемегенде жалпы республикалық бюджеттің кірістері 2019 жылы 7 трлн 81 млрд теңгені құрайды.

«Түсімдер түрлері бойынша кірістердің құрылымы өзгермейді. Ең үлкен үлесті қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салығы, халықаралық саудаға салынатын салықтар алады. Республикалық бюджеттің тапшылығы бұрын бекітілген 1 трлн 365 млрд теңге деңгейінде сақталған. Жалпы ішкі өнімге қатысты бұл 2,1% құрайды. Мұнай емес тапшылық, яғни мұнай кірістерді қоспағанда ЖІӨ қатысты 8,5% немесе 5,5 трлн теңгені құрайды. Мұнай емес тапшылықтың параметрлері бекітілген фискалдық ережелерге сәйкес келеді», - деді ұлттық экономика мнистрі.

Дәленов республикалық бюджеттің параметрлері нақтылауды ескере отырып, түсімдердің жалпы көлемі 95 млрд теңгеге өсетінін және 10,7 трлн теңгені құрайтынын айтты. 

«Трансферттердің түсімдері, оның ішінде Ұлттық қордан трансферттер өспейді. Шығыстар 95 млрд теңгеге артады, бұл кірістердің өсуімен сәйкес келеді. Республикалық бюджеттің шығыстар көлемі 12 трлн теңгеден асады. Осылайша, түсімдер 10,7 трлн теңгені, шығыстар 2 трлн теңгені, тапшылық 1,4 трлн теңгені құрайды», - деп сөзін түйіндеді министр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы