Республика күніне орай қыздар арасында чемпионат өтті
6-12 қазан күндері Республика күніне орай Астана қаласында қол добынан қыздар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Чемпионатқа еліміздің Астана, Шымкент, Алматы қаларымен қатар, Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе, Ақмола, Алматы облыстарынан құралған 8 команда қатысып, жас гандболшылар суперлига және жоғары лига бойынша сынға түсті.
Айта кетейік, ел чемпионаты 15 және одан төмен жастағы спортшылар арасында ұйымдастырылды.
Чемпионаттың негізгі мақсаты қаламызда бұқаралық спорт түрін кеңінен дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру қағидаттарын насихаттау, барлық елді мекендерде қол добы ойының одан әрі дамыту, тұрғындарды дене шынықтыру мен спортпен жүйелі шұғылдануға тарту, қыздар арасында қол добы ойынын шеберлік деңгейін көтеру, спорт резервін даярлауды қамтамасыз ету, облыс құрама командасын үздік ойыншылармен толықтырып, әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатыстыру-дейді №5 БЖМОРСМ басшысы Қуат Тлегенов.
Жарыс қортындысы бойынша Шымкенттен келген гандболшылар Павлодар қаласының спортшыларын айқын басымдықпен ұтып, бас жүлдені олжалады. Осылайша Павлодар қаласының қол добшылары екінші орыннан көрінді. Қола медаль алаң қожайындары Астана қаласының ару қыздарына бұйырды.
Сонымен қатар, шара барысында Астана командасының қыздары қалалық спорт басқармасының басшысы Самат Сәбитұлының қолынан «Спорт шебері» куәлігін алды. Олар Улжан Каметай, Мадина Мырзамсейитова, Мадина Егинбаева, Маржан Елеусиз, Жамила Сарсенбекова, Дамира Жапарова және Луиза Олейникова.