Республика күніне орай қаланың өркендеуіне үлес қосқан шымкенттіктер марапатталды
Шымкенттегі “Көрме” орталығында Ұлттық мереке – Республика күніне арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оған шаһар басшысы Мұрат Әйтенов, қалалық мәслихат депутаттары, құқық қорғау орган басшылары мен қызметкерлері, сот, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен БАҚ қатысты.
Бұл жолғы іс-шара бұрынғыдан өзгерек. Алаштың айбынын асқақтатып, мерейін үстем ететін арнайы бейнероликтен басталды. “Егемен елдің” өткені мен келешегі сараланып, Ұлы дала халқының дархандығы мен дара көңілі көрсетілді. “Сазген сазы” фолькорлық-этнографиялық ансамблі “Бақтыбайдың күйімен” қазақтың сыры мен сазын әуелетіп жеткізді. Бұдан соң қала әкімі сөз алып, барша жұртты тарихи датамен құттықтады.
Республика күні - туған еліміздің егемендігі бастау алған күн. 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы кеңесі мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылдады. Дәл осы күні Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Аттай 13 жылдан соң, дәл биыл Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылып, бостандық пен еркіндіктің бастауы болған айтулы датаны барша халық қуана тойлауда.
Сын сағаттарда сүрінбей, еңсесін тік ұстай білген еліміздің жеңісті сәттерінен сөз саптаған шаһар басшысы Ұлттық мереке – Республика күніне Шымкент қаласының да зор жетістіктермен жеткенін қысқа-нұсқа баяндап берді.
Қаланың республикалық мәртебеге ие болуы инвестициялық белсенділіктің артуына септігін тигізді. Үшінші мегаполиске соңғы 5 жылда 1,8 триллион теңге, ал биылғы жылдың 9 айында 327,9 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл былтырғымен салыстырғанда 20%-ға жоғары. Жыл соңына дейін инвестиция көлемін 530 миллиардқа жеткізуді жоспарлаудамыз, ол үшін нақты қадамдар жасалған, – деді Мұрат Әйтенов.
Қала әкімінің айтуынша, Шымкенттің экономикасы қарқынды дамып жатқан соң, соңғы 3-4 жылда инфрақұрылым мәселесі де шешімін тауып келеді.
Ауыз сумен қамтуда 32 нысан, электрмен қамтуда 28 нысан, газбен қамтуда 21 нысан құрылысы жүргізілді. Нәтижесінде, ауыз сумен қамту 93%-дан 98%-ға, электрмен қамту 91%-дан 97%-ға, тұрғындарға табиғи газ жеткізу 92%-дан 93%-ға өсті. Инженерлік инфрақұрылым мәселесінің бір бөлігі 2023 жылы, ал 2025 жылы барлығы толық шешіледі.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шаһардың дамуы мен өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп, тер төккен азаматтарды сахна төрінде марапаттап, құттықтады. Шара соңы Жұбаныш Жексен, Бауыржан Исаев сынды елге танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.