23 Қазан 2026, 15:00 Фото: ©️BAQ.KZ архиві

Республика күні – Тәуелсіздікке бастар жолдың маңызды кезеңі – саясаттанушы

Қазақстандағы Республика күні 25 қазанда атап өтіледі. Бұл күннің тарихи негізі 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған Мемлекеттік егемендік туралы декларациямен байланысты. Құжат Қазақстанның аумақтық тұтастығын, мемлекеттік билігінің дербестігін және ішкі-сыртқы саясатын өз бетінше жүргізу қағидаттарын бекітті. Сондай-ақ республикалық заңдардың басымдығы жарияланды. Осы декларация елдің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына құқықтық негіз қалап, 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған мемлекеттік тәуелсіздік туралы заңға жол ашты. BAQ.KZ тілшісі мереке алдында Республика күнінің тарихына шолу жасап, айтулы күннің маңызы туралы саясаттанушы Талғат Қалиевтің пікірін білді. 

Сайсаттанушы 1990 жылы қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация кеңестік заңдардан басым тұратын ұлттық заңнаманың негізін қалап, ел тәуелсіздігінің алғышартына айналғанын атап өтті. Оның сөзінше, декларация Кеңес Одағы ыдырамай тұрып, бір жылдан астам уақыт бұрын қабылданған.

Бұл - аса маңызды құжат. Өйткені ол ұлттық, яғни республикалық заңнаманың кеңестік заңдардан басымдығын бекітті. Негізінде, бұл құжат тәуелсіздіктің алғашқы нышаны болды. Кеңес Одағы құрамында болған кезде Қазақстанның дербес сыртқы саясаты болған жоқ, өз қарулы күштерін құру құқығы да шектеулі еді. Республика басшылығы Мәскеудің шешімімен тағайындалатын, - деді Талғат Қалиев.

Саясаттанушы сол кезеңдегі саяси жағдайдың күрделі болғанын айтып, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларын да еске алды. Оның пікірінше, осы тарихи кезеңдерден кейін төрт жыл өткен соң қабылданған егемендік туралы декларация елдің болашақ даму бағытын айқындаған маңызды құжат болды.

Бұл актінің тарихи маңызын асыра бағалау қиын. Бұл - үлкен тарихи оқиға. Бүгін біз дәл осы мерекені атап өтіп отырмыз, - деді ол.

Республика күнінің қоғам үшін маңызы қандай?

Республика күні тәуелсіздік алғаннан кейін де аталып өтті. 1995 жылы 25 қазан ұлттық мереке болып жарияланды. Алайда 2001 жылы оның мәртебесі өзгеріп, мемлекеттік мерекелер қатарына ауыстырылды. Ал 2009 жылы мереке күнтізбеден алынып тасталып, бұл күн ұзақ уақыт бойы ресми мереке ретінде тойланған жоқ. Осы кезеңде 25 қазанның тарихи маңызына қатысты қоғамдық пікірталастар да болды. Дегенмен, егемендік туралы декларация Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту жолындағы маңызды саяси-құқықтық құжат ретінде өз мәнін сақтап қалды.

2022 жылы Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайта берілді. Сол жылдың маусымында Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы көтерді, ал 29 қыркүйекте тиісті заңға өзгерістер енгізілді. Содан бері 25 қазан Қазақстанның ұлттық мерекесі ретінде аталып келеді. Республика күні елдің егемендікке жасаған алғашқы қадамын еске түсіріп қана қоймай, мемлекеттілік тарихын тануға, ұлттық бірегейлікті нығайтуға және жас ұрпаққа тәуелсіздіктің қалай қалыптасқанын түсіндіруге мүмкіндік береді. 

Талғат Қалиевтің пікірінше, мемлекеттік мерекелер азаматтарға ел тарихына қайта үңіліп, қол жеткізген жетістіктердің қадірін түсінуге мүмкіндік береді.

Мерекелер әр азамат үшін маңызды. Өйткені олар бізге қолда бар құндылықтарды бағалауға көмектеседі. Күнделікті өмірде көп нәрсеге үйреніп кететініміз соншалық, кейде оның маңызын байқамай қаламыз. Ал осындай мерекелер өткенге көз жүгіртіп, еліміздің қалай қалыптасқанын, барлығының қайдан басталғанын еске түсіруге мүмкіндік береді, - деді саясаттанушы.

Оның айтуынша, Республика күні - ел тарихын жас ұрпаққа түсіндіруге де қолайлы мүмкіндік. Бұл мереке ата-аналарға балаларымен Қазақстанның қалыптасу жолы туралы әңгімелесіп, тарихи оқиғалардың маңызын түсіндіруге және елдің жүріп өткен жолын саралауға негіз болады.

Республика күні мен Тәуелсіздік күнінің айырмашылығы неде?

Талғат Қалиев бұл екі мерекенің айырмашылығын тарихи оқиғалардың хронологиясы арқылы түсінуге болатынын айтады. Олар әр жылдары болған және әрқайсысының өзіндік тарихи маңызы бар.

Саясаттанушының сөзінше, 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация Тәуелсіздік күніне бастау болған басты тарихи құжаттардың бірі саналады.

Осылайша, Республика күні Қазақстанның егемендікке қарай жасаған маңызды қадамын білдірсе, Тәуелсіздік күні елдің дербес мемлекет ретінде қалыптасуын айқындайды.