Республика күні - қоғамның патриоттық сезімін нығайтуға негіз болатын мереке - генерал-майор
Қарулы Күштері Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов Республика күніне орай жылы лебізін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Республика күнінің мемлекеттік деңгейде, елімізде тұратын барша ұлт пен ұлысқа ортақ ұлттық мереке ретінде тойлануы Қазақстанның әлем алдындағы беделін арттыра түседі. Республика күні қоғамның патриоттық сезімін нығайтуға бірден-бір негіз болатын мереке.
1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен Мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылданды. Қазақ КСР егемендігін жариялап, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде саяси-құқықтық негіздерін қабылдады. Онда тұңғыш рет аумақтың тұтастығы, бөлінбейтіндігі және татулығы, Қазақстан халқы мен олардың тілдерін, мәдениетін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттіліктің қағидалары бекітілді. Бұл тарихи және өте маңызды шешім болатын. Еліміздің тәуелсіздігі дәл осы күннен басталады деп сеніммен айтуға болады. Сондықтан бұл күнді ұлттық мереке ретінде қайта бекіту мемлекеттілік тұрғысынан маңызды қадам болып отыр. Біз рухани құндылығымызды, бай тарихымызды және ұлы даланың мұрагері ретінде қазақты әлемге таныту арқылы осы тарихи датаның мән-маңызын барынша аша білуіміз қажет. Сол себепті бұл күннің қазіргі қоғамға қажеттілігі мемлекетіміз үшін үлкен мәнге ие деп санаймын, - деді генерал-майор.
Ол тәуелсіздік жылдарында Қазақстан армиясы мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етіп қана қоймай, заманауи, жоғары жарақтандырылған және ұтқыр әскерге айналғанын айтады.
Бұл жерде Қарулы күштер ардагерлерінің жанқиярлық еңбегін ерекше атап өткім келеді. Алғашқы күннен-ақ мемлекетшіл, ұлтжанды көптеген офицерлер мен генералдар армияның жауынгерлік қабілетін қалыптастыру мен нығайту үшін алдыңғы шептен табылды. Бүгінде Жаңа Қазақстанды құрудың маңызды қадамдары жасалуда. Еліміздің құрылымдық жүйесінде, саяси-экономикалық бағытында айтарлықтай жаңғыртулар қолға алынды. Халқымыз да жаңа қоғамды қалыптастыруға деген бұл бастамаларға әрдайым қолдау білдіріп келеді. Демократиялық үрдістерді орнықтыруға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бұл өзгерістердің Қарулы күштердің ардагерлері үшін де маңызы зор болмақ, - деді Марат Нағұманов.
Марат Нағұманов өздеріне артылған бұл сенімді ел қорғандары абыроймен орындайтынына сенім білдірді.
Мемлекет басшысының «Біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан, маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ» деген сөзі біздің әрқайсымыздың жадымызда жатталып тұруы керек. Бұл ретте Отан қорғаушыларға артылар жауапкершіліктің еселене түсетіні анық. Өздеріне артылған бұл сенімді ел қорғандары абыроймен орындайтынына күмәнім жоқ. Республика күні мерекесінде әр шаңыраққа бақ дарып, ырыс ұяласын! Елімізге тыныштық, халқымызға береке-бірлік, еңбектеріне табыс, бақытты ғұмыр тілеймін, - деді ол.