25 Қазан 2026, 11:18 Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Республика күні қарсаңында Астанада 750-ге жуық ұландық әскери ант қабылдады

Астанадағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде күзгі шақырылымның 750-ге жуық сарбазы Отанға адал қызмет етуге ант берді. Республика күні қарсаңында өткен салтанатты рәсім жас жауынгерлер үшін ерекше мәнге ие болды.

Отан қорғаушылар Қазақстанның әр өңірінен әскери қызметке шақырылған. Олар жас жауынгер курсынан сәтті өтіп, әскери істің негіздерін меңгеріп, әскери жарғылардың талаптарымен танысты. Сондай-ақ алдағы қызметтік міндеттерін орындауға қажетті дағдыларды игерді. Жас ұландықтардың өміріндегі маңызды сәтке куә болу үшін бес мыңнан астам адам жиналды. Олардың қатарында ата-аналар, туған-туыстар, достар, ардагерлер мен құрметті қонақтар болды.

Бұл күн сарбаздардың отбасы үшін де ерекше болды. Олар ұлдарының Отан алдындағы борышын өтеуге кірісіп, ел қорғаушылар қатарына қосылғанын тамашалады. Әскери қызметшілерге Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бекайдар Қазкеев ақжарма тілегін арнады. Ол Республика күні қарсаңында әскери ант қабылдаудың символдық мәні бар екенін атап өтті. Өйткені әскери борышқа адалдық пен азаматтарды қорғауға дайын болу елге қызмет етудің маңызды бөлігі саналады.

Әскери ант қабылдау арқылы сіздер Ұлттық ұланның қатарына қосылып, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, азаматтардың тыныштығын қорғап, қоғамдық тәртіпті сақтауға міндеттеме алдыңыздар. Алда сіздерді төзімділікті, тәртіпті және қызметке жауапкершілікпен қарауды талап ететін маңызды кезең күтіп тұр. Әрқайсыңыз бұл жолдан абыроймен өтіп, біліміңіз бен дағдыларыңызды жетілдіріп, жақсы жолдастар табатыныңызға сенімдімін, – деді генерал-майор Б. Қазкеев.

Ата-аналардың атынан қатардағы жауынгер Нұрғиса Ердібаевтың анасы Зайнұр Ердібаева жас сарбаздарға ақ тілегін жеткізді. Ол сарбаздарға төзім, қайрат және қызметте табыс тілеп, туған-туыстарының оларды үйде әрдайым асыға күтетінін еске салды.

Бүгін сіздерді өмірдің жаңа кезеңіне мақтанышпен шығарып салып, осындай таңдау жасағандарыңызға қуанып тұрмыз. Әскери қызмет сіздерді шыңдап, жауапкершіліктеріңізді арттырып, өздеріңізге деген сенімдеріңізді нығайтсын. Бір-біріңізді құрметтеп, қаруластарыңызға тірек болыңыздар. Отан қорғаушы деген атқа лайық қызмет етіңіздер. Сіздерді отбасыңыз әрдайым қолдап, сенім артып, үйге аман-есен оралуларыңызды күтіп отырғанын ұмытпаңыздар, – деді ұландықтың анасы.

Салтанатты рәсім мерзімді әскери қызметшілердің саптық жүрісімен жалғасты. Жақындарының алдында ұландықтар саптық жүріс кезінде әскери дайындығы мен саптағы үйлесімділігін көрсетті. Одан кейін Ұлттық ұлан бөлімшелерінің қару-жарағында тұрған заманауи жауынгерлік техника жүріп өтті. Бұл техникалардың бәрі әскери қызметшілердің қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде қолданылады. Әскери ант қабылдаған жас сарбаздар Астанада қоғамдық тәртіпті күзетуге кіріседі. Олар құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп, елорда тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ қоғамдық-саяси, мәдени және спорттық іс-шаралар кезінде тәртіп сақтауға қатысады.