Республика күні қандай мереке
Қазақстанда мерекелерді статусына қарай мерейтойлар, халықаралық күндер, кәсіби даталар мен атаулы күндер, мемлекеттік мерекелер және ұлттық мереке деп бөлуге болады, дейді «Астана» халықаралық қаржы орталығының тіл маманы Мәрлен Ерланұлы, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мерейтойларға ұлы тұлғалар мен қайраткерлердің күндері кіреді. Мысалы Абайдың 175 жылдық мерейтойы, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, т.б.
Халықаралық күндерге Халықаралық ана тілі күні, Халықаралық әкелер күні, Халықаралық солақайлар күні, т.б. жатады.
Кәсіби даталар мен атаулы күндердің ішінде мұғалімдер күні, құрылысшылар күні, полиция күнін мысал ретінде айтсақ болады.
Мемлекеттiк мерекелерге мемлекет ресми мейрам және демалыс күні деп белгілеген қоғамдық-саяси және дәстүрлi мерекелер жатады. Оған Тәуелсіздік күні, Жаңа жыл, Рождество, 8-наурыз, Наурыз, Бірлік, Жеңіс, Астана, Конституция күндері, Құрбан айт сияқты бүкіл мейрамдар кіреді.
Ал статусы жағынан ең жоғары Ұлттық мерекеге былтырдан бері Республика күні ғана жатқызылады. 2022 жылға дейін Ұлттық мереке тек Тәуелсіздік күні еді, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен ол күн мемлекеттік мерекеге ауыстырылды да, Республика күніне ұлттық деген статус берілді.
Айта кетсек, 2022 жылғы 25 қыркүйегіндегі «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» жаңа заңға сәйкес 25 қазан Республика күні – ұлттық мереке, ал 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні – мемлекеттік мереке болып бекітілді.
1990 жылдың 25 қазаны мемлекетіміз үшін ерекше күн болатын себебі – бұл датада егемендігіміз туралы декларация қабылданған болатын. Ал ол заң өз кезегінде тәуелсіздігіміздің алғышарты саналды. Яғни егемендігіміз болмаса тәуелсіздігімізді жариялау қиындыққа соғар еді.
Тарихқа көз жүгіртсек, егемендік жолы оңай болған жоқ. Түркі қағанаттары, Алтынорда дәуірлерінен Қазақ хандығының құрылуы, Алаш қайраткерлерінің қазақ елінің шекарасын қағаз жүзінде белгілеуі, Қазақ ССР-нің өз алдына жеке мемлекет ретінде Кеңес одағының мүшесі болуы, Желтоқсан оқиғасы бәрі де тәуелсіздігімізге бастар жол болған. Ал анық тәуелсіздіктің соңғы қадамы ол 1990 жылғы егемендікті жариялау болды.
Соған қарамастан, осы күн тиісті бағасын ала алмай, статусы әр жылдары өзгере берді. Мәселен, Республика күні 1992 жылы жай ғана атаулы күндер қатарына енгізілді. Ал 2001 жылдан бастап мемлекеттік мереке ретінде тойлана бастады. 2009 жылы бұл мейрам ресми мерекелер қатарынан тағы да түсіп қалды. Дегенмен тарих өз шындығын тауып, былтырдан бері Республика күні қайта жанданып қана қоймай, оған ең жоғарғы статус берілді.
Егемендік бізге аспаннан түспеді, Қазақстанды бізге ешкім сыйға тартпады. Мұнда сақ, ғұн, түркі, қыпшақтан тараған ұлы дала ұландары өмір сүрген. Олар кең байтақ жерді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, дара даналықпен, пайымды парасаттылықпен, дипломатиялық көрегенділікпен сақтап бізге сыйлады. Сондықтан егемендігіміз үшін ең алдымен бабаларымызға қарыздармыз. Ал енді бізге аманат болған мемлекетімізді одан әрі дамытып, кейінгі ұрпаққа бай күйінде қалдыру біздің асыл борышымыз. Балаларымызды патриоттыққа тәрбиелеп, тіліміз дәстүрімізді сақтасақ, еліміздің жарқын болашағы үшін қызмет еткен болармыз.