Республика күні. Алматыда мемлекеттік ту көтерілді

Республика күніне арналған акция аясында «Медеу» биік таулы кешенінің алаңында биіктігі 40 метр мемлекеттік туды көтеріліп, әнұран орындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шараға Алматы әкімі Ерболат Досаев, қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, ҮЕҰ өкілдері, қала жастары қатысты.

Республика күніне арналған іс-шара «Медеуде» қазақстандық эстрада әртістерінің қатысуымен өткен концертпен жалғасты. Сахнада Мұқасан Шахзадаев, Мақсат Базарбаев, Інжу Әнуарбек, Абай Бегей, Асхат Тарғын және Индира Елемес өнер көрсетті.

Сонымен қатар, Республика күні Алматыда бірқатар басқа іс-шара ұйымдастырылды:

- Жібек жолы даңғылында, Панфилов пен Бәйсейітова көшелерінің арасында сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін қолөнершілер жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңкеде Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан шеберлерінің қолдан жасалған бұйымдары ұсынылады.

-10:00-ден 18:00-ге дейін Абай даңғылы, 159 мекенжайындағы спорт-жаттығу кешенінде шағын футбол, волейбол және дзюдодан, сонымен бірге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да үстел теннисі және қазақ күресінен спорт фестивалі өтеді.

- Сағат 14:00-де «Көк-төбе» саябағында «Алматы әуендері» шығармашылық ұжымдарының қатысуымен «Жасай бер мәңгі – Қазақстан» атты мерекелік концерт өтеді.

- Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында 15:00-ден 18:00-ге дейін қазақстандық эстрада жұлдыздары қатысатын қазақ күресінен «Өнер барысы» турнирі өтеді.

-Сағат 16:00-де Қазақ мемлекеттік циркінде Республика күніне және атақты клоун және сиқыршы Кәрім Мұтырғановтың 70 жылдығына арналған бенефис ұйымдастырылады. Акробаттар, әуе гимнасттары, жонглерлер, эквилибристер, иллюзионистер мен сайқымазақтар шоу-бағдарлама көрсетеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы