Республика бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу үлесі 11,5% дейін өсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2018 жылдың қорытындысы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды (бұдан әрі – ТҚҚ) бөлек жинаумен, сұрыптаумен және өңдеумен айналысатын кәсіпорындар саны 150-ге жетті. 

Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 2016 жылы 115 компания ТҚҚ сұрыптау және өңдеумен айналысқан.

Қазіргі уақытта елдің 51 елді мекенінде ТҚҚ-ны бөлек жинау жобасы енгізілді, 30 елді мекенде сұрыптау жобасы енгізілді. Республика бойынша ТҚҚ өңдеу үлесі 11,5%-ға дейін өсті. 2016 жылы бұл көрсеткіш 2,6%-ды құраса, ал 2017 жылы ТҚҚ өңдеу үлесі 9% болған.

Осы бағыттағы жұмыс әлі де жалғасуда. Атап айтқанда, 2019 жылғы қаңтарда Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылында қуаты жылына 50 000 тонна қалдықтарды сұрыптау станциясы іске қосылды. Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында ТҚҚ полигонында қуаты жылына 100 мың тонна сұрыптау желісі орнатылды. Ал ақпан айында Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында ТҚҚ полигонында қуаты жылына 100 мың тоннаға жететін қоқыс сұрыптау кешені іске қосылды. 

2019 жылы Атырау қаласындағы полигонда қоқыс сұрыптау кешенін енгізу, Қызылорда облысында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде ТҚҚ басқарудың орталықтандырылған жүйесін құру жоспарлануда (жинау, тасымалдау, сұрыптау, кәдеге жарату, көму).

Қарағанды облысында «Казгринэнерджи» ЖШС Кеңгір кентінде қуаты 9 МВт биоэлектрлік станцияның құрылысы жоспарлануда. Жобаны пайдалануға беру 2019 жылғы желтоқсан айына жоспарланған.

Жамбыл облысында «Ekojer» ЖШС өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауытын салу жоспарлануда, жобаны іске асыру мерзімі – 2018-2020 жылдар.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы