Республика бойынша инфекциялық стационарлардың қамтылуы 20%-ды құрап отыр – Ажар Ғиният
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен «Пандемия кезінде ана мен бала денсаулығын қорғауға» қатысты онлайн брифинг кезінде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният айтты.
Қазақстанда 4 қарашадағы жағдайға байланысты 113 741 науқас тіркелді, оның ішінде 106 893 науқас жазылып шықты. Ал, 4981 науқас емделіп жатыр. Соңғы тәулікте COVID-19-дың оң нәтижесі бар 432 адам тіркелді. Жалпы, 1867 адам қайтыс болды. Сонымен қатар, елдің өңірінде COVID-19 сырқаттанушылықтың өсімі байқалды. Өткен аптамен салыстырғанда ауру 2,6 есеге өсті. Бүгінде 14 өңірдің Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмол, Маңғыстау, Алматы, Атырау, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының әкімдері, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері күшейтілген шаралар қабылдады. Яғни, бұл шаралар қоғамдық тамақтану объектілерінің сыйымдылығын азайтуға, кәсіпкерлік немесе өзге де қызмет нысандарының және халықтың тыныс-тіршілігіне қызмет ететін нысандардың жұмыс кестесін қысқартуға, шектеу шараларын сақтауға, демалыс күндері қоғамдық көлік қозғалысын тоқтата тұруға бағытталған, - деді ол.
Күнделікті мониторингке сәйкес, осы жылдың 4 қарашадағы жағдайы бойынша республика көлемінде инфекциялық 12 767 төсек-орын, карантиндік 7136 төсек-орын, реанимациялық 1245 төсек-орын жұмыс істеп тұр.
Республика бойынша инфекциялық стационарлардың қамтылуы 20%-ды құрап отыр. Өңірлер бөлінісінде стационарлардың қамтылу пайызы ең көп өңірлер қатарында Солтүстік Қазақстанда-37%, Батыс Қазақстан облысында-30%, Нұр-Сұлтан қаласында-30% байқалады. Реанимациялық төсек-орындар 17%-ға толықтырылған. Солтүстік Қазақстан облысында - 38%, Шығыс Қазақстан облысында - 29%, Нұр-Сұлтан қаласында - 28% науқас жатыр, - деді Ажар Ғиният.