Республика аумағындағы 170 ескерткішке QR-кодтары бар тақтайшалар ілінеді

QR-кодтары бар тақтайшаларды орнату жұмыстары «Birgemiz: Asyl Mura» жалпыұлттық жобасын іске асыру шеңберінде қолға алынбақ деп,  хабарлайды BAQ.KZ Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазақстанда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Birgemiz: Asyl Mura» жалпыұлттық жобасы жалғасып жатыр.  Ол мәдени-тарихи мұраны сақтау және дамыту, ескерткіштер мен мемориалдық кешендерді қалпына келтіру және сақтау жөніндегі жобаларға волонтерлерді тартуды көздейді. Жоба жетекшісі Ботабек Токишкадировтің айтуынша, жоба аясында волонтерлер ескерткіштерге QR-кодтары бар тақтайшаларды орнату жұмыстарын биыл да жалғастырмақ.

Біз мұндай жұмысты өткен жылы қолға алған болатынбыз. Әр өңірде, республикалық маңызы бар әр қалада біз 10 ескерткішке кодтары бар тақтайшаларды орнаттық. Тұтастай алғанда, Интернет желісі жақсы жұмыс істейтін жердегі  170 ескерткішті қамтыдық. Олардың арасында «АЛЖИР» мемориалды мұражай кешені, Н. Тілендиевтің мемориалдық мұражайы, «Абылай хан резиденциясы» мұражай кешені бар. QR-кодтарды орнату жұмыстары биыл да жалғасады. Осылайша біз жастарымыздың, ел қонақтарының қазақ халқының тарихы, оның батырлары мен есімдері аңызға айналған тұлғалары туралы көбірек білуіне өзіміздің септігімізді тигізе аламыз, - дейді Ботабек Токишкадиров. 

Кодты сканерлеу арқылы кез келген адам birgemiz-asylmura.kz сайтына кіріп, белгілі бір ескерткіш туралы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қысқаша ақпаратты ала алады. Биыл тізім ел аумағындағы тағы 170 ескерткішпен толықтырылмақ.  

Сондай-ақ «Birgemiz: Asyl Mura» жобасы аясында жыл соңына дейін волонтерлік бастамаларға 30 шағын грант ұсынылып, Қазақстанның тарихи ескерткіштері туралы ақпаратты қамтитын энциклопедия жарық көреді деп күтілуде. 

Жалпылай алғанда, жоба 2024 жылдың соңына дейін жүзеге асырылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: inform.kz
Өзгелердің жаңалығы