20 Тамыз 2026, 00:46 Фото: Скриншот

Respublica: Жақсы жалақы, баспана, білім мен медицина халыққа қолжетімді болуы тиіс

Партия төрағасының айтуынша, Respublica сайлауалды науқанында ел байлығын бөлуге емес, оны көбейтіп, азаматтардың табысын арттыруға бағытталған нақты ұсыныстарын таныстырған.

Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров «24KZ» телеарнасында өткен финалдық теледебатта партияның негізгі мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыру, еңбек адамын қорғау және азаматтардың табысын көбейту екенін айтты.

Теледебаттың қорытынды кезеңінде сайлаушыларға үндеу жасаған партия төрағасы халыққа ең алдымен кәсіппен айналысуға, еңбек етуге және өз әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік беру қажеттігін атап өтті.

«Қазақ "Кәсіп түбі – нәсіп" дейді. Біздің халық – еңбекқор. Халыққа мүмкіндік керек. Ауылдағы азамат кәсіп ашқысы келеді, жас маман білімін елге жұмсағысы келеді, кәсіпкер өндірісін кеңейткісі келеді. Біздің міндет – оларға кедергі келтірмей, мүмкіндік беру», – деді Айдарбек Қожаназаров.

Партия төрағасының айтуынша, Respublica сайлауалды науқанында ел байлығын бөлуге емес, оны көбейтіп, азаматтардың табысын арттыруға бағытталған нақты ұсыныстарын таныстырған.

«Осы сайлауда біз бір нәрсені анық айттық. Басқалар сияқты байлықты қалай бөлісеміз деп емес, Қазақстанның байлығын көбейтудің, азаматтарымыздың табысын арттырудың нақты жоспарымен келдік. Қазақтың байлығы жердің астында ғана емес. Қазақтың байлығы – бірлігінде, білімінде, еңбегінде, кәсіпкерлігінде», – деді партия төрағасы.

Айдарбек Қожаназаров қазақстандықтардың жақсы өмір сүру үшін ұзақ жылдар күткісі келмейтінін атап өтті.

«Адамдар жақсы өмірді 10-20 жыл күткісі келмейді. Адамдар қазір жақсы өмір сүруі керек. Жақсы жалақы алып, баспанаға, сапалы білім мен жақсы медицинаға қол жеткізіп, ертеңгі күніне сенімді болғысы келеді», – деді ол.

Оның сөзінше, елде мықты орта тап қалыптастыру үшін халықтың табысын арттырып, еңбек адамының мүддесін қорғау қажет.

«Президентіміз мемлекетімізде мықты орта тап қалыптастыру жайлы ұдайы айтып жүр. Сондықтан біздің партияның басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, еңбек адамын қорғау және халықтың табысын көбейту. Біз жеке мүддені көздемейміз. Respublica партиясы үшін мемлекеттік мүдде бәрінен жоғары тұрады», – деді Айдарбек Қожаназаров.

Партия төрағасы Respublica-ның Парламенттегі 3,5 жылдық жұмысының нәтижелеріне де тоқталды.

«Біз Парламентте болған 3,5 жылда миллиондаған адамның тағдырына араша түстік, 40 мың сарбаздың емтихансыз білім алуына жол аштық. Фермерлердің 34 млрд теңгесін үнемдедік. Мемлекеттік сатып алуға қатысты 120 мың кәсіпкердің мүддесін қорғадық. Біздің партияның араласуымен мыңдаған жұмыс орны сақталды», – деді ол.

Қожаназаров партия Құрылтайға өткен жағдайда экономиканы дамытуға арналған нақты жоспарын Үкіметке ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.

«Respublica партиясы осымен тоқтамайды және бүгін нақты міндеттеме алады. Біз Құрылтайға өтсек, экономиканы дамыту жоспарын Үкімет үстеліне қоюға дайынбыз. Біз сол берекені жалаң ұранмен емес, нақты іспен әкелеміз», – деп қорытындылады Айдарбек Қожаназаров.