7 Тамыз 2026, 19:20 Фото: respublica-partiyasy.kz

Respublica Шымкентте еңбек ұжымдарымен және партия жақтастарымен кездесті

Шымкентте Respublica партиясының Республикалық сайлауалды штабының мүшелері еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, кәсіпкерлермен, қоғам белсенділерімен және партия жақтастарымен жүздесті. Кездесулерде өндірісті қолдау, кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік мәселелер мен цифрландыру бағытындағы бастамалар талқыланды.

Алғашқы кездесу «MDS Doors» ЖШС ұжымында өтті. Кездесу барысында салық жүктемесі, отандық өндірушілерді қолдау және еңбек адамдарының әлеуметтік мәселелері сөз болды.

Партия мүшесі Айтуар Қошмамбетов еңбекке түсетін жүктемені азайту қажеттігін айтып, жұмыс берушілер үшін міндетті аударымдардың жоғары деңгейі бизнестің дамуына әсер ететінін жеткізді. Сонымен қатар ол отандық тауар өндірушілерді қолдауға арналған заң қабылданып, арнайы тізілім енгізілгенін атап өтті.

Ал Жалынбек Жайнарбай кәсіпкерлікті дамыту ел экономикасының негізгі қозғаушы күші екенін айтып, еңбек адамына құрмет көрсету партияның басты қағидаттарының бірі екенін жеткізді.

Нейрохирург Айдос Досқалиев медицина мен саясаттағы жауапкершіліктің ортақ қағидаттарына тоқталса, Еркебұлан Ахметов микронесиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің төмендеуі және әскери қызмет өткерген жастарға жоғары оқу орындарына мемлекеттік грантпен түсу мүмкіндігі берілгенін атап өтті.

Шымкентте сондай-ақ партияның бастамасымен ReTalks жобасының кезекті кездесуі өтті. Еркін пікір алмасу алаңына кәсіпкерлер, жастар, қоғам белсенділері мен партия жақтастары қатысты. Басқосуда кәсіпкерлікті дамыту, жаңа технологиялар, жастардың қоғамдағы рөлі және азаматтық бастамаларды қолдау мәселелері талқыланды. Қатысушылар өзара пікір алмасып, сұрақтарына жауап алды.

Respublica өкілдері бұдан кейін Қазақстандағы ең көне кәсіпорындардың бірі – 80 жылдан астам тарихы бар «Шымкентмай» АҚ еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу барысында партия өкілдері заң шығару жұмыстарының нәтижелері, студенттік жатақханалар құрылысы, цифрландыру, жасанды интеллект және отандық өндірісті қолдау бағытындағы бастамалар туралы айтты. Сондай-ақ өндірісті дамыту, экспорт көлемін ұлғайту және кәсіпкерлерге қойылатын әкімшілік кедергілерді азайту мәселелері көтерілді.

Сондай-ақ Respublica партиясы жақтастарының форумы да өтті. Форумға партияның тең төрағалары, Мәжіліс депутаттары, Құрылтай депутаттығына кандидаттар, партия белсенділері мен жақтастары қатысты.

Форумда сөз сөйлеген партияның тең төрағасы Қуаныш Шонбай партияның соңғы үш жарым жылдағы жұмысына тоқталып, өңірлерде жүзеге асқан бірқатар бастамаларды атады. Оның айтуынша, партия өңірлердегі нақты мәселелерді шешуге және заңнамалық өзгерістер енгізуге күш салып келеді.

respublica-partiyasy.kz

Партияның тең төрағасы Динара Шүкіжанова отандық өндірісті қолдау мәселесіне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстанда өндірілген әрбір өнімнің артында мыңдаған адамның еңбегі тұр, ал отандық өнімді таңдау – ел экономикасын қолдаудың маңызды тетігі.

Форум барысында партия өкілдері соңғы жылдары заңнамалық деңгейде жүзеге асқан бастамаларға тоқталып, экономиканы дамыту, әлеуметтік саланы нығайту, ұлттық қауіпсіздікті күшейту және халықпен тұрақты диалог орнату бағытындағы жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.