Respublica партиясының тең төрағасы аймақтық бөлімшелердің басшыларымен кездесті
3 ақпанда Respublica партиясының тең төрағасы Сырымбек Тау аймақтық бөлімшелердің басшыларымен кеңес өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жиналғандар партияның аймақтардағы жұмысын ұйымдастыру, сайлауға дайындық барысы мен алдағы уақытқа арналған жоспарларды талқылады.
Жиын партияның Алматы қалалық филиалында өтті. Жиынға Алматы қаласы, Алматы, Абай, Атырау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Жетісу облыстарынан өкілдер қатысты.
Жұмыс өте қарқынды жүріп жатыр. Барлық аймақтық штаб басшылары орталықпен байланыста. Өңірлердегі филиалдарымыздың әлеуметтік желілердегі аккаунттары ашылды, үгіт-насихат жұмыстарын бастауға дайындық жүріп жатыр. Ең бастысы, еліміздің түкпір-түкпірінде азаматтық ұстанымы жарқын азаматтардың көбі Respublica партиясының бір бөлігі болғысы келетінін көріп отырмыз және біз оларға әрқашан ашықпыз, – деді Сырымбек Тау.
Партия туралы
Respublica – мемлекет қызметінің түрлі салаларын қалпына келтіруге ұмтылатын белсенді азаматтарды біріктіретін жаңа партия. Оған қазақстандық кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлері тартылған. Ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші, «Олжа Агро» серіктестігінің басшысы Айдарбек Ходжаназаров партия төрағасы болды. Теңтөрағалар қатарында кәсіпкерлер – Сырымбек Тау, Руслан Берденов, Максим Барышев, Динара Шүкіжанова, Қуаныш Шонбай, Бейбіт Әлібеков және Нұрлан Қоянбаевтар бар.
Respublica партиясының ұраны – «Жаңа адамдар – Жаңа қадамдар».
Партияның құрылғаны туралы 2022 жылдың тамызында жарияланды. 2023 жылдың 18 қаңтарында Respublica партиясы тіркеу құжаттарын қабылдады.
Сайлау-2023
Мәжіліс пен мәслихаттардың мерзімінен бұрын сайлауы жаңа ереже бойынша өтеді. Инновациялар биліктің өкілетті тармағын неғұрлым бәсекеге қабілетті және әділ қалыптастыруға бағытталған, кеңірек көзқарастар палитрасын қамтамасыз етеді, сонымен қатар саяси жаңғырту аясындағы реформалардың жалғасы болып табылады.
Басты жаңалық – аралас пропорционалды-мажоритарлық сайлау жүйесіне көшу. Сонымен қатар, енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім бойынша, 30 пайызы бір мандатты округтер бойынша сайланады. Аралас сайлау жүйесі бойынша 50-де 50 қатынасы негізінде облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына да сайлау өтеді. Ал аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына сайлауда азаматтар бір мандатты округтердегі кандидаттарға ғана дауыс береді.
Сондай-ақ, партиялардың Мәжіліске өту шегі 5 пайызға дейін төмендетіліп, оларды тіркеу тәртібі жеңілдетілді.