Respublica партиясының штабы ашылды
Республиканың 19 өңірінде партиялық тізім бойынша сайланатын мәжіліс және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысатын “Respublica” партиясы сайлау алды штабын ашты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елордада ашылған штабқа аймақтық штабтар онлайн қосылды. Басқосуда партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, өзекті мәселелер мен болашақ жоспарлары талқыланды. Аймақтардан 20 штаб жұмыс істейді.
Ақырында, көптен күткен сәт те келді. Науқан кезеңі басталды. Енді біз толық күшпен жұмыс істейміз. Бүгіннен бастап республикалық, облыстық штабтардың есігі азаматтарға ашық. Осы сәттен бастап партия туралы кез келген ақпаратты білгісі келетін, оның сайлауалды бағдарламасымен танысқысы келетін, барлық сұрақтарына жауап алғысы келетін азаматтар еліміздің түкпір-түкпіріндегі бас кеңсемізге келе алады, - деді “Respublica” партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров
Сондай-ақ, Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің қатысуымен экскурсия да басталады. Алматы қаласынан басталатын ReBus автобусы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін аймақтарға жолға шығады. Партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров пен тең төрағалар Нұрлан Қоянбаев, Бейбіт Әлібеков, Максим Барышев және Сырымбек Тау тұрғындармен кездеседі.
Елордада ашылған штабқа басқа өңірлер онлайн қосылып, алдағы сайлауға сәттілік тіледі.
Құрметті партияластар және бізді қолдайтын қазақ халқы! Бүгін үгіт насихатты бастаймыз. Біздің партияның барлық өкілдері біз елімізге бірнәрсе берейік деп келе жатпасақ алайық деп келе жатқан жоқпыз. Бұл жастардың партиясы, кәсіпкерлердің партиясы, нағыз Қазақстанның партиясы болады деп сенемін. Қазақстанды көркейтуге үлес қоса берейік,- деді партияның тең төрағасы Сырымбек Тау.
Айта кетейік, партияның сайлауалды бағдарламасы Respublica партиясының ресми сайтында (respublica-partiyasy.kz) қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.
Әсел Әбілбек