23 Шілде 2026, 19:38 Фото: Respublica партиясы

Respublica партиясы республикалық сайлауалды штабын ашты

Respublica партиясы Астанада республикалық сайлауалды штабының жұмысына старт берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Іс-шара партияның Құрылтай депутаттарын сайлау алды үгіт науқанының ресми басталуын білдіреді.

Партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров штабтың ашылуында сөйлеген сөзінде Respublica сайлау науқанын сайлаушылармен ашық диалогқа және нақты нәтижелерге негізделген бағдарламамен жүргізетінін айтты.

Бізге жаңа партия құру да, жүйені өзгерту де мүмкін емес дегендер көп болды. Бірақ біз оның керісінше екенін дәлелдедік. Үш жарым жыл ішінде 3 мыңға жуық түзету ұсынып, соның жартысынан астамын заңға енгіздік. Вейптерге толық тыйым салу, банк заңнамасындағы өзгерістер, креативті индустрияны қолдау, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау – осының бәрі біздің нақты жұмысымыздың нәтижесі. Біз бүгін Құрылтайдағы орын үшін емес, өзгеріске сенген әрбір адамның сенімін ақтау үшін күреске кірісіп отырмыз. Өзгеріс дәл осы жерде, дәл қазір басталады, – деді Айдарбек Қожаназаров.

Партия төрағасы бүгінде республикалық деңгейде жүздеген азамат партия жұмысына белсенді қатысып келе жатқанын атап өтті. 

Партия қатарында шынайы ел жанашырлары бар. Олармен бірге жұмыс істеп, алға қойған міндеттерді орындап келеміз. Ең бастысы – халықтың сеніміне ие болдық. Ендігі мақсатымыз – сол сенімді арттырып, елдің өзекті мәселелерін жүйелі түрде шешу, - деп айтты Қожаназаров.

Бағдарлама аясында Құрылтай депутаттығына кандидаттар таныстырылып, оларға кандидат куәліктері табысталды. Respublica партиялық тізіміне кәсіпкерлер, ғылым, спорт, мәдениет, креативті индустрия және қоғамдық сектор өкілдері енді.

Іс-шара барысында еліміздің барлық өңірімен тікелей бейнебайланыс ұйымдастырылды.

Партия ақпаратынша, үгіт-насихат науқанының алғашқы 100 минутында республика бойынша 6 мыңнан астам азамат қамтылды, 400-ден астам жас белсенді жұмысқа тартылды, 2 400-ден астам ақпараттық материал таратылды. Өңірлік штабтардың жұмысына 300-ден астам адам қатысты.

Еске сала кетейік, ОСК «Respublica» партиясының Құрылтай сайлауына қатысатын 75 кандидатын тіркеген болатын. Оның ішінде 38 кандидат - әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар. Сондай-ақ партия Мәжіліс сайлауында 8,59% дауыс жинаған еді. Бұл көрсеткіш оған осы жолғы сайлау жарнасын төлеуден босатылуға мүмкіндік берді.