5 Тамыз 2026, 17:47 Фото: respublica-partiyasy.kz

Respublica өкілдері Жамбыл облысындағы өндіріс орындарының қызметкерлерімен кездесті

Respublica партиясының Республикалық сайлауалды штабы Жамбыл облысында бірқатар өндіріс орындарының еңбек ұжымдарымен кездесіп, әлеуметтік және экономикалық мәселелерді талқылады. Партия өкілдері Тараздағы «Запчасть» АҚ, Тараз металлургия зауыты және «Алель Агро» ЖШС қызметкерлерімен жүздесті.

Кездесулер барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі, зейнет жасына жеткен әйелдердің еңбек жағдайы, электр энергиясының тарифтері, теміржол тасымалының құны, квазимемлекеттік секторға өнім өткізу, өндірісті дамыту және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері көтерілді.

Құрылтай депутаттығына кандидат Олжас Құспеков партия бастамасымен вейптерге толық тыйым салынғанын, лудоманиямен күрес бағытында заңнамалық өзгерістер қабылданғанын және автожолдарда орташа жылдамдықты енгізу жол қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік бергенін айтты.

Құрылтай депутаттығына кандидаттар Жалынбек Жайнарбай мен Ерлан Сүлейменов Respublica кәсіп пен өндірістің мәселелерін жақсы білетін азаматтардың партиясы екенін атап өтті. Жалынбек Жайнарбайдың айтуынша, ел бюджетінің шамамен 40 пайызы шағын және орта бизнес төлейтін салық есебінен қалыптасады.

Екатерина Смолякова партия фракциясы үш жыл ішінде 300 заңға түзету ұсынып, өңірлерде 400-ден астам кездесу өткізгенін айтты. Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау және мұндай аналардың мерзімінен бұрын зейнетке шығу мәселесі партияның назарында қала беретінін жеткізді.

Тараз металлургия зауытындағы кездесуде Құрылтай депутаттығына кандидат Махамбет Хасенов өндіріс пен бизнестен шыққан азаматтардың елдегі өзгерістерге жауапкершілікпен қарауы маңызды екенін айтты.

Жамбыл облысынан Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрсұлтан Темірхан өңірдегі партия жұмысына тоқталып, бүгінде облыста партия мүшелерінің саны 10 мыңнан асқанын айтты. Сондай-ақ «Қазфосфат» зауыты маңындағы автожолдың жөнделуі мен Шақпақ-баба асуындағы тоннель құрылысы жүзеге асқан маңызды жобалардың бірі екенін атап өтті.

«Алель Агро» ЖШС ұжымымен кездесуде Құрылтай депутаттығына кандидат Еркебұлан Ахметов құс еті өндірісіндегі импортты алмастыру жұмыстарының нәтижесінде бүгінде қазақстандық кәсіпорындар ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімдерін экспортқа шығарып отырғанын айтты. Оның сөзінше, Respublica партиясы үшін отандық тауар өндірушілерді қолдау, өндірісті дамыту және кәсіпкерлікті ынталандыру заң шығару қызметінің негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді.