Респонденттердің 57,8%-ы референдумға қатысуға дайын - сауалнама
Қоғамдық саясат институты 4-5 қыркүйек күндері қазақстандықтар арасында АЭС бойынша референдумға қатынасы жедел-сауалнама жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Референдумға 1 ай қалғанда халықтың айтулы іс-шара бойынша барынша хабардар екені байқалады. Сауалнамаға сәйкес, респонденттердің 74,6%-ы 6 қазанда АЭС салу мәселесі бойынша Республикалық референдум өтетіні туралы белгілі бір дәрежеде хабардар болып шықты.
"Сіз АЭС құрылысы бойынша референдумға қатысасыз ба?" деген сұраққа респонденттер келесідей жауап берді:
• 45,5% - нақты қатысатынын айтты;
• 12,3% – дауыс беруге баратынын жеткізді.
Сауалнамаға қатысқандардың 57,8%-ы алдағы референдумға қатысуды жоспарлап отыр.
"Сіз Қазақстанда атом электр станциясының құрылысына келісесіз бе?" деген сұраққа респонденттердің көбі (59,3%) құрылысты қолдайтынын айтты. Сауалнамаға қатысушылардың 28,3%-ы "жоқ, мен келіспеймін" деп жауап берсе, тағы 12,4%-ы атом электр станциясын салу бойынша позициясын әлі шешкен жоқ.
Жалпы ел тұрғындарының осы мәселе бойынша пікірлері қалыптасу процесінде.
Ал респонденттердің 28,4%-ы сауалнама кезінде қандай да бір дәрежеде референдумға қатысуға ниеті жоқ деп жауап берді:
• 9,7%-ы бармайды;
• 18,7%-ы қатысуды жоспарламайды.
Сондай-ақ 13,8%-ы референдумға қатысу-қатыспауды әлі шешкен жоқ.
Айта кетейік, сауалнама Қазақстан заңнамасының нормаларын сақтай отырып, жаппай сауалнама әдісімен жүргізілді.
Сауалнамаға Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және 17 облыстан 18 жастан асқан қала мен ауылдың 2000 тұрғыны қатысты.