Сенаторлар Ынтымақтастық комиссиясының отырысына қатысты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Ресей Федерациясы Федералдық жиналысы Федерация кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 15 отырысы Қазан қаласында өтті.
Отырыс Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров пен Ресей Федерация Кеңесі төрағасының орынбасары Ильяс Умахановтың төрағалығымен өтті. Отырысқа Қазақстан тарапынан Парламент Сенатының депутаттары Мұхтар Құл-Мұхаммед, Владимир Волков, Ольга Перепечина, Ғұмар Дүйсембаев, Жеңіс Нұрғалиев, Төлеубек Мұқашев, Қайрат Қожамжаров, Талғат Мұсабаев, Дана Нұржігітова және Нұржан Нұрсипатов қатысты.Отырыс барысында шекара маңы ынтымақтастығындағы сандық экономика, ұлтаралық және конфессияаралық үнқатысу мәселелері, сондай-ақ III Еуразиялық әйелдер форумына дайындық барысы қаралды.
Сенат төрағасының орынбасары, Комиссияның қазақстандық тараптан тең төрағасы Асқар Шәкіров өз сөзінде комиссияның соңғы бірнеше жылда Омбы, Орал, Атырау, Сочи, Алтай өлкесі, Ақтау және Алматы қалаларында өткен отырыстарының нәтижелі болғанын атап өтті.
Сенат басшысы орынбасарының айтуынша, комиссияның жұмысы барысында жоғарғы Палаталар депутаттары екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелерін талқылап, ұлттық заңнамаларды жақындастыру және Қазақстан-Ресей әріптестігін тереңдетудің оңтайлы жолдарын іздестіруде маңызды істерді жүзеге асырды.
Тек соңғы 5 жылда Қазақстан Парламенті Ресеймен жасалған 26 халықаралық келісімді бекітті, ол Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының дамуына оң әсер етті, - деді А.ШәкіровИльяс Умаханов өз сөзінде Федерация Кеңесі үшін қазақстандық әріптестермен аймақаралық байланыстарды нығайтудың маңызы зор екенін атап өтті.
Комиссияның келесі отырысы Қазақстанда өтетін болды.
Сенаторлар шара аясында Татарстан Республикасындағы қазақ диаспорасымен кездесті. Кездесуде екі ел арасындағы достық қатынастарды дамыту, әлеуметтік-экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту, ұлттық құндылықтарды, оның ішінде қазақ тілін, мәдениеті мен дәстүрлерін сақтау мен дамыту мәселелері талқыланды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы