Ресейлік дәрігерлер «Достық» орденімен және «Шапағат» медалімен марапатталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәскеудегі Қазақстан елшілігінде коронавирустық инфекциямен күресуде қазақстандық әріптестеріне көмектескен ресейлік дәрігерлерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын тапсыру рәсімі өтті.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігі хабарлады.
2-дәрежелі «Достық» орденімен және «Шапағат» медалімен Мәскеу және Мәскеу облысы ауруханаларының 28 анестезиолог-реаниматологтары, инфекционисттері, пульмонологтары, эпидемиологтары марапатталды. 2020 жылдың жазында Қазақстанда індеттің шарықтау шегінде олардың дер кезінде көмек көрсетуі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға үлкен үлес қосты.
Дәрігерлер алдында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшісі Ермек Көшербаев олардың ең қажетті әрі маңызды мамандықтың өкілі екенін атап өтті.
Оның айтуынша, коронавирустық пандемия жекелеген елдердің денсаулық сақтау жүйелері мен экономикалары үшін де, мемлекетаралық қатынастардың күшеюі үшін де сынақ болды. Қазақстан мен Ресей бұл қауіпке лайықты тойтарыс беріп қана қоймай, тиімді өзара іс-қимыл мен оның зардаптарына қарсы бірлескен күресті ұйымдастыра алды.
Ермек Көшербаев Қазақстанға тестілер, реагенттер, вакциналар жеткізу және бірінші кезекте медицина бригадаларын жіберу түріндегі осы қауіпті вируспен күресте көрсеткен көмегі үшін ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде дәрігерлер Қазақстан басшылығына жоғары марапаттары үшін алғыстарын білдірді.
Жуковский Қалалық клиникалық ауруханасының Анестезиология және реанимация бөлімінің меңгерушісі Станислав Арсентьев бұл оның алғашқы хаоықаралық сыйлығы екенін айтты.
Еңбегімді бағалағаны үшін өте ризамын. Қазақстан мен оның халқына алғысым шексіз. Бақытымызға орай, сәтті аяқталған сол оқиғаларды бүгін тағы бір еске түсірдік, – деді ол.
Орехово-Зуеводағы бірінші қалалық аурухананың анестезиолог-реаниматолог дәрігері Аделина Маткаш коронавируспен күресудегі қиындықтар мен үлкен жауапкершілік туралы айтып берді.
Қазақстандық әріптестерімізбен жұқпалы ауруға қарсы тұру үшін бар біліміміз бен дағдыларымызды қолдануға тырыстық. Бірге жұмыс істеу бізді біріктірді, достастырды. Оралдық әріптестермен, соның ішінде науқастарға қашықтан кеңес беру арқылы әлі де байланыста боламыз, – деді дәрігер.
Сондай-ақ, бүгінгі салтанатты шарада 2-дәрежелі «Достық» орденімен Ресей ғылым академиясының Ресей тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Дина Аманжолова марапатталды. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» медальдарымен ММЛУ ректоры Ирина Краева, ҰЗТУ МБжҚИ ректоры Алевтина Черникова, Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясының жоғары корпоративтік басқару мектебі факультетінің деканы Сергей Календжян, Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық және қоғаммен байланыс департаментінің директоры Сергей Муравьев марапатталды.
Мәскеудегі қазақ диаспорасының белсенділеріне Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшісінің Алғыс хаттары табыс етілді.