Ресейлік алаяқтар қазақстандықтардың шоттарынан 200 млн теңге жымқырған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Ресей аумағындағы алаяқтардың интернеттегі жарнама арқылы қазақстандықтардың банк шоттарынан 200 млн теңге көлемінде ақша жымқырғаны туралы мәлімдеді. 

Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күрестегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қаралды.

ІІМ мәліметінше, бүгінде алдау жолымен немесе ақпараттық технологияларды қолдану арқылы қазақстандықтардың банк шотынан қаржыны жымқыруға қатысты Ресей аумағында жасалған 42 қылмыстық іс тергеліп жатыр. 

«Әзірге анықталмаған алаяқтар интернетте жалған жарнамалық мүмкіндіктерді пайдалана отырып біздің азаматтарымыздың шоттарына қол жеткізіп, электронды тәсілмен Ресей Федерациясының аумағына қазақстандықтардың ақшасын аударған. Менің ойымша, шамамен 200 млн теңгеге жуық ақша бұл ақша Мәскеу, Санкт-Петербург, Уфа және тағы да бірнеше қалалар аумағында алынған. Минск конвенциясына сәйкес банктерден ақшаны алған тұлғалардың бейнетаспаларын алу жөнінде сұраныс жібердік», - деді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары.

Қожаевтың айтуынша, бұл рәсім практикаға сүйенсек екі айға созылады, себебі мемлекеттік органдар арасындағы келісім рәсімі Қазақстанынң Бас прокуратурасы, Ресей Федерациясының Бас прокуратурасы арқылы өтеді.

«Өзіңіз елестетіп көріңізші, бейнетаспаларды сақтау мерзімі өтіп кетеді. Қазір біз кейбір фактілер бойынша суреттердің сақталмағанын білдік. Осы келісім осындай жағдайларда барынша жедел әрекет етуге мүмкіндік береді», - деді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы