Ресейге жұмысқа кеткен: хабарсыз жоғалған түркістандық еліне қайтарылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресейге жұмысқа кетіп, хабарсыз жоғалған түркістандық еліне қайтарылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

 Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын 102 сымтетігі арқылы хабарласқан. Оның айтуынша 46 жастағы баласы Ресейге жұмысқа кетіп, бір жыл бойы қайта оралмаған. Ал анасының із-түссіз кеткен баласын іздеп жүргеніне шамамен бір айдан астам уақыт болған. Алайда өз бетінше жүргізген іздеуден еш нәтиже шықпаған. Содан полицейлерге арызданған.

Түркістан қалалық Полиция басқармасының көші-қон қызметкерлері хабарлама түсе салысымен тез арада әрекет етіп, із-түссіз кеткен азаматты іздеуді бастап кетті. Полицейлер облыс көлемінде, одан соң Қазақстан Республикасы бойынша бағыттамалар беріп, іздестіру ауқымын кеңейтті. Ресей Федерациясында жұмыс бабымен болуы мүмкін деген тұжырымды да ескеріп, сол жақтағы елшілік пен тәртіп сақшыларына хабарлама жібереді. 

Нәтижесінде, полицейлер жоғалған орта жастағы азаматты бірнеше күн ішінде тапты. Белгілі болғандай, жоғалған ер азамат Ресейде жұмыс жасауға барып, абайсызда аяғын сындырып алған. Содан бері жұмыссыз жатқан. Сондай-ақ, азамат өз сөзінде анасы уайымдамас үшін оған хабарласпағанын айтты. Қазіргі таңда 46 жастағы азамат үйіне қайтарылды. Ұлымен аман есен қауышқан ана іздестіруде шапшаңдықпен әрекет еткен көші-қон қызметкерлеріне алғысын айтып, ризашылығын білдірді. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы