Бүгiн 2026, 14:45 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Ресейге салынған санкциялар: Қазақстан көрші елдің нарығын қалай иемденбек?

Ресейге қарсы санкциялар күшейген сайын әлемдік экономикадағы сауда бағыттары да өзгеріп жатыр.

Бір елдер шығынға батса, енді бірі жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Экономист Айбар Олжайдың пікірінше, дәл қазіргі жағдайда Қазақстан ұтылатын емес, керісінше пайда табатын мемлекеттердің қатарында болуы керек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 144 миллиард долларды құрады. Соның 27,4 миллиард доллары Ресеймен арадағы саудаға тиесілі. Яғни, жалпы сыртқы тауар айналымының шамамен 20 пайызы көрші елмен байланысты. Бұл екі ел арасындағы экономикалық байланыстың әлі де жоғары деңгейде екенін көрсетеді.

Бүгінде Қазақстанда Ресей капиталы қатысатын 21 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Ал осы уақытқа дейін Ресейден тартылған инвестиция көлемі 29 миллиард доллардан асқан. Инвестициялардың басым бөлігі машина жасау, металлургия, мұнай-химия және агроөнеркәсіп салаларына бағытталған.

Экономист Айбар Олжайдың айтуынша, қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан эмоциямен емес, прагматикалық ұлттық мүдде тұрғысынан әрекет етуі керек.

Әлем экономикасында мынадай қызық парадокс бар: кез келген ірі дағдарыс кезінде ұтылатындар да, пайдаға кенелетіндер де болады. Қазір Ресейге санкция салынғаны белгілі. Сауда-саттық бұрынғыдай емес. Мұны қазіргі заманның ірі экономикалық дағдарыстарының бірі деуге болады, - дейді ол.

Сарапшының пікірінше, бүгінде Ресей нарығында босаған бағыттар аз емес. Әсіресе логистика, азық-түлік өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары және қайта өңдеу салаларында мүмкіндік бар.

Экономистің айтуынша, Қазақстан транзиттік әлеуетін де тиімді пайдалануы қажет.

Осындай жағдайда Қазақстан ұтылатындар қатарында емес, пайда табатын мемлекеттердің қатарында болуы керек. Біздің ұлттық мүддеміз де осыны талап етеді. Қазақстан ешкіммен жауласпайды. Кез келген келісімге ұлттық мүдде тұрғысынан қарайды. Ендеше, көрші елдегі босаған ірі нарықты неге тиімді пайдаланбасқа?,- дейді ол.

Ертең  Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Сарапшы бұл сапар екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беруі мүмкін деп отыр.

Айбар Олжайдың сөзінше, қазіргі кезеңде Қазақстан үшін басты міндет –  сыртқы экономикалық өзгерістерден қорғану ғана емес, одан нақты пайда таба білу.

Кез келген дағдарыс біреуге қауіп болса, біреуге мүмкіндік. Қазақстан дәл осы кезеңде Ресеймен арадағы экономикалық қарым-қатынасты одан әрі ілгерілетуге мүмкіндік алуы керек, - дейді экономист.

Еске сала кетейік, бұған дейін Еуропалық Одақ Кеңесі Ресейге көмектескен қазақстандық компания мен кәсіпкерге санкция салған еді.