Отандық өнім. Ресейге рұқсатсыз 1,7 млн доллардың дәрі-дәрмегін шығармақ болғандар ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР ҚМ ҚМК Экономикалық тергеу қызметі басқармасының басшысы Еркебұлан Асанбаев ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен онлайн баспасөз конференциясында айтып берді.

Қазір біз заңсыз дәрі-дәрмек сату жағдайын бақылауда ұстап отырмыз. Әлеуметтік желілерді де мониторингілеп, тұрғындардың шағымдарын да қарастырып жатырмыз. Құзырлы органдармен бірлесіп, рейд жүргізіліп жатыр. 5-6 шілде күндері 18 құқықбұзушылық тіркелді. 727 млн теңгеден асатын соманы құрайтын 182 мың дәрі-дәрмек қорабы тәркіленді. Бұл фактілер бойынша заңсыз кәсіпкерлік (214 бап) пен өзгенің мүлкін иемдену (189 бап) бойынша 4 қылмыстық іс қозғалды. 3 материал құзыретті органға әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жолданды. Тағы 11 іс бойынша қажетті шешім қабылданады, - деді ол. 

Ол атап өткендей, Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті 189-бап бойынша емханадан дәрі-дәрмекті ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. 

170 мың тұратын 10 қорабы №12 емханадан ұрланған. Ол дәрі-дәрмек кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында тегін берілген. Бұл дәрі-дәрмек ашық нарыққа қалай түскенін тексереміз. Алматы облысында да бір азаматтан 7,2 млн теңгенің 2420 "азитромицин" қорабы тәркіленді. Осы сынды шаралар барлық өңірде жүргізіліп жатыр. Батыс Қазақстан облысында Тасқала шекарадан өткізу қызметінде Алматыдан Ресейдің Белградқа бағыт алған "Вольво" автокөлігінен Алматы фармацевтика фабрикасында шығарылған 1,7 млн доллардың 171 290 қорабы тәркіленді. Олардың аталған дәрі-дәрмекті Қазақстаннан шығаруға ешқандай рұқсат қағазы болмаған. Тәркіленген дәрі-дәрмек қажеттілік болған жағдайда медициналық ұйымдарға беріледі. Бұл іс бақылауда, - деді ол.
Айта кетейік, 6 шілдеде елордалық полиция қызметкерлері "Тойота" автокөлігінің жүк салғышынан 689 медициналық препарат қорабын тәркіледі. Ұйымдастырушы оны 1 млн теңгеге сатпақ болған. Сонымен қатар, ІІМ орынбасары заңсыз дәрі сатудың салдары ауыр болатынын ескертті.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы