Бүгiн 2026, 16:07 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстаннан шетелге ақша аудару азайды: Ең көп қаржы қай елге кетіп жатыр?

Ал шетелден Қазақстанға келген ақша көлемі 46,8 млрд теңге болып, бір жылда 3,2%-ға төмендеген.

Қазақстанда халықаралық ақша аударымдары нарығы баяулай бастады. 2026 жылдың алғашқы үш айында қазақстандықтардың шетелге жіберген қаражаты да, сырттан алған ақшасы да азайған. Сарапшылар мұны соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткіштерден кейінгі төмендеу кезеңі деп бағалап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Finprom зерттеуіне сілтеме жасап.

Қазақстаннан шетелге жіберілетін ақша азайды

2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстаннан халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы шетелге 129,5 млрд теңге жіберілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,7%-ға аз.

Ал шетелден Қазақстанға келген ақша көлемі 46,8 млрд теңге болып, бір жылда 3,2%-ға төмендеген.

Сарапшылардың айтуынша, сыртқа жіберілетін ақша көлемі әлі де елге келетін аударымдардан әлдеқайда көп. Бұл қазақстандықтардың шетелге көбірек қаржы аударатынын көрсетеді.

Көрсеткіштер бірнеше жылдағы минимумға түсті

Халықаралық аударымдардың ең жоғары көлемі 2021 жылдың алғашқы тоқсанында тіркелген. Сол кезде қазақстандықтар шетелге 191 млрд теңге жіберген.

Қазіргі көрсеткіш сол рекордтан шамамен үштен біріне азайып, 2020 жылдан бергі ең төмен деңгейге түсті.

Ал шетелден келген ақша көлемі бойынша ең жоғары көрсеткіш 2019 жылы болған – 83,9 млрд теңге. Биылғы көлем ол уақыттағы деңгейден екі есе төмен және 2015 жылдан бергі ең аз көрсеткіш саналады.

Қазақстандықтар ақшаны ең көп Ресейге жібереді

2026 жылы Қазақстаннан ақша аударудың басты бағыты Ресей болды. Үш ай ішінде бұл елге 58,5 млрд теңге жіберілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21,1%-ға көп.

Осылайша, халықаралық аударымдардың 45,2%-ы Ресейге тиесілі болған.

Екінші орында Түркия тұр. Алайда бұл бағыттағы аударымдар керісінше 23,5%-ға азайып, 22,1 млрд теңге болды. Өзбекстанға жіберілетін ақша көлемі де 23,8%-ға қысқарып, 19,6 млрд теңге болған.

Сонымен қатар қазақстандықтар Грузияға – 8,5 млрд теңге, Қырғызстанға – 4,3 млрд теңге, Қытайға – 3,7 млрд теңге және Әзербайжанға 3 млрд теңге аударған.

Ең жоғары өсім Армения бағытында тіркелген. Бұл елге жіберілген ақша көлемі 30,3%-ға артқанымен, жалпы сома әзірге салыстырмалы түрде аз – 2,7 млрд теңге.

Қазақстанға ақша ең көп Ресейден келеді

Шетелден Қазақстанға келетін аударымдар бойынша да Ресей бірінші орында. Бұл елден Қазақстанға 10,4 млрд теңге түскен. Бірақ бір жыл ішінде көрсеткіш 7%-ға төмендеген.

АҚШ екінші орынға шықты. Америкадан келген ақша көлемі 7,8 млрд теңге болып, өткен жылғы деңгейде сақталған.

Түркиядан келетін аударымдар 25,6%-ға өсіп, 6 млрд теңгеге жеткен. Ал Грузиядан түсетін ақша көлемі 30,4%-ға артып, 1,7 млрд теңгені құраған.

Керісінше, Оңтүстік Кореядан келетін аударымдар күрт азайып, бір жылда шамамен 40%-ға төмендеген. Қазір бұл елден 2,5 млрд теңге ғана келген.

Аударым қызметінің бағасы тұрақтана бастады

Сарапшылар тағы бір маңызды өзгеріске назар аударды. 2024-2025 жылдары ақша аудару қызметінің комиссиясы жыл сайын 7-8%-ға қымбаттап келген.

Алайда 2026 жылдың сәуірінде өсім іс жүзінде тоқтаған. Қызмет бағасы былтырғы сәуірмен салыстырғанда небәрі 0,6%-ға ғана өскен. Бұл нарықтағы бағаның тұрақтана бастағанын көрсетуі мүмкін.

Тағы оқи отырыңыз: Мобильді аударымды бақылау: Тек белгілі бір талаптарға сай келетіндер тексеріледі 

Face ID, SMS-код, биометрия: Қазақстанда банк қосымшалары қалай өзгереді?