Ресейдің Новосібір жанармай стансасында жойқын жарылыс болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресейдің Новосібір қаласында Гусинобродский тас жолында жергілікті уақытпен сағат 18:04 кезінде жанармай стансасында өрт шықты. 

Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлады. 

Өрт сөндірушілер оқиға орнына 7 минутта келіп жеткен. 

«Еврогаз» компаниясы өкілінің айтуынша, от көлікке жанармай құйып жатқанда тұтанған. Бір жүк көлігі мен бір жеңіл көлік жанып кеткен. Өрттің алдын ала себебі - газтасымалдаушы көлікті босату кезінде сыртқа шыққан газ. Жалын шарпыған аумақ - 800 шаршы метр. Өрт қаупі жағынан үшінші (жоғары) деңгейге жатқызылған. 

Оқиға орнында сұйық отын құйылған резервуарлар қайта-қайта жарылып жатыр, ТЖМ жеке құрамы қауіпсіз қашықта жұмыс істеп жатыр. 

ТАСС агенттігі қазірдің өзінде кем дегенде бес жарылыстың дыбысы естілгенін мәлімдеді. 

Тілсіз жаудан тұрғын үйлерге қауіп жоқ, дегенмен өрт жапсарлас орналасқан қойманы шарпуы мүмкін. 21 адам зардап шеккен. Оның он жетісі ауруханаға жеткізілген. 

Жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Ирина Большакованың айтуынша, бес адамның жағдайы ауыр. 

Прокуратура тексеруді бастаған.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы