Ресейден су көп келе жатыр деген ақпарат бар – депутат

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Үкімет басшысы Олжас Бектеновке сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Былтыр еліміздің тең жартысы су астында қалды. Он аймақта төтенше жағдай жарияланды. Жұрттың жиып-тергенін су ағызып алып кетті. Дүние былай тұрсын, арнасынан асып аққан қызыл су адам өмірін жалмады, - дейді Нартай Сәрсенғалиев.

Бір қызығы, тасқыннан кейін бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. 2024 жылы су тасқынының салдарын жою үшін Үкімет резервінен 46,9 млрд теңге бөлінді. Әр облыстың бюджетінен қосымша қаражат қарастырылды. Бірақ депутаттың сөзінше, нағыз сұрақ – бұл ақшаның қайда кеткенінде.

2024 жылы су тасқынының алдын алуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Ал тасқыннан кейін оны жоюға деп тағы миллиардтар бөлінді. Сонда төтенше жағдайдың алдын алуға бөлінген қаражат қайда кетті, кім жауапты?, - деп сұрайды Нартай Сәрсенғалиев.

2025 жылы су тасқынының алдын алуға қанша қаржы бөлінді?

Мәжіліс депутатының сұрауы бойынша жергілікті әкімдіктерден алынған ресми ақпараттарға сәйкес, 2025 жылы алдын алу шараларына:

Ақмола облысы – 131,5 млн теңге;
Ақтөбе облысы – 848,7 млн теңге;
Батыс Қазақстан облысы – 10,5 млрд теңге;
Павлодар облысы – 3,6 млрд теңге;
Абай облысы – 67 млн теңге;
Атырау облысы – 22,1 млрд теңге;
Қарағанды облысы – 6 млрд теңге;
Қостанай облысы – 916,2 млн теңге;
Солтүстік Қазақстан облысы – 2,5 млрд теңге.

Қаражат бар, бірақ ол тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпеуі керек, - дейді депутат.

Төтенше жағдайдың алдын алу шаралары жайында айта отырып, Нартай Сәрсенғалиев былтырғы тасқын кезінде байқалған негізгі проблемаларды атады:

• "Су өткелдері мен арықтардың тазаланбаған күйі жылдап жатады";
• "Кей аймақтарда өзендердің жайылмасы тұрғын үй алабына айналып кеткен";
• "Көптеген су қоймалары қараусыз қалған, біразы жекеменшікке берілген";
• "Салдарынан гидрологиялық нысандардың тоз-тозы шыққан".

Былтыр Президенттің өзі "Үкімет бекіткен Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы декларативті сипатқа ие құжат" деп сынға алған болатын. Демек, қағаз жүзіндегі стратегиялар шынайы қауіптің алдын алуға қауқарсыз.

Ескерту бар, бірақ ескеру жоқ. Биыл да халық тасқыннан тентіреп кетпесін десек, бұл проблемаларды дереу шешуіміз керек, - деді депутат.

Осы проблемаларды шешу үшін Нартай Сәрсенғалиев бірнеше нақты ұсыныс жасады:

1. Президент былтыр тапсырған ақпараттық жүйенің дайын болу барысын ашық жариялау. Бұл жүйе "су тасқыны, өрт және басқа да төтенше жағдайларды модельдеуге мүмкіндік беруі тиіс".
2. Су басу қаупі бар аймақтарда алдын алу жұмыстарын күшейту.
3. Тұрғын үйлер мен ғимараттарды сақтандыру жүйесін енгізу.
4. Өзен арналары мен дренаж жүйелерін тазарту, қажетті жабдықтарды қайта орналастыру.
5. Су қоймаларының жарамдылығын тексеріп, тасқын суды ысырап қылмай сақтауды ұйымдастыру.
6. Үкімет бекіткен Су ресурстарын басқару жүйесінің жаңартылған нұсқасымен таныстыру.

Қазірдің өзінде Ресейден Қазақстанның батыс өңіріне жоспардағыдан көп су жіберіліп жатқаны белгілі. Сонымен қатар, 1223 елді мекен су басу қаупі бар аймақта тұр. Яғни өткен жылғы трагедия қайталануы мүмкін. Біз жыл сайын бір сценарий бойынша әрекет ете алмаймыз. Су тасқыны – бұл табиғи құбылыс, бірақ оның салдары адам факторының кесірінен күшейіп отыр, - деді депутат.

Билік кеш қимылдасақ, тағы да тасқыннан кейін бюджет миллиардтарды бөліп, халық жапа шегеді.

Әр көктемде халық тасқыннан қорқып отырмауы керек. Билік бұл проблеманы тек сөз жүзінде емес, нақты әрекеттермен шешуі тиіс! - деп түйіндеді Нартай Сәрсенғалиев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы