Ресейден Қазақстанға әкелінетін битум көлемі 300 мың тоннаға дейін ұлғайтылды
Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына жол битумын жеткізу көлемі жылына 100-ден 300 мың тоннаға дейін ұлғайтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
2023 жылғы 19 шілдеде Мәскеуде ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженовтің Ресей Федерациясы Энергетика министрінің орынбасары Павел Сорокинмен жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу барысында екі елдің энергетикалық ведомстволары арасында Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына әкетуге тыйым салынған немесе шектелген мұнай өнімдерінің тізімін және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерлерге Қазақстан Республикасынан экспорттауға тыйым салынған немесе шектелген мұнай өнімдерінің тізімін бекіту туралы Ресей Федерациясының Энергетика министрлігі мен ҚР Энергетика министрлігі арасындағы 2019 жылғы 6 мамырдағы Хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттамаға қол қойылды, - делінген ведомство хабарламасында.
Хаттамаға қол қоюдың мақсаты - Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына жылына 100-ден 300 мың тоннаға дейінгі жол битумын жеткізуді ұлғайту. Қол жеткізілген уағдаластықтарды тараптар хаттамаға қол қойылған күннен бастап қолданады.
Сондай-ақ кездесуге қатысушылар екі елдің мұнай саласындағы өзара ынтымақтастығы мәселелерін қосымша талқылады.