25 Тамыз 2026, 12:22 Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

Ресейдегі жанармай дағдарысы: Қазақстандағы жағдай қандай?

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Қазақстандағы бензин қоры жөніндегі өзекиі сауалға жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министр елдегі жанар-жағармай жағдайы тұрақты екенін мәлімдеді.

«Бүгінде бензин мен дизель отынының жалпы қоры 1,1 млн тоннадан асады. Көршілес өңірлердегі жағдайды ескере отырып, Павлодар мұнай-химия зауытындағы жөндеу жұмыстарын келесі жылдың көктеміне ауыстырдық», – деді Ерлан Ақкенженов.

Ол Қазақстандағы бензин бағасы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда арзан екенін атап өтті. Осыған байланысты елде «отын туризмі» қалыптасқан.

«Әрине, Еуразиялық экономикалық одақ құрамында болғандықтан, біз шекарамызды жауып, туристердің, оның ішінде жанармай құю үшін келетіндердің елге кіруін шектей алмаймыз», – деді министр.

Оның мәліметінше, Қазақстандағы авиаотынға деген сұраныс мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік мүмкіндігінен асып түседі.

«Қазіргі уақытта Қазақстан өзін авиаотынмен толық қамтамасыз ете алмайды. Еліміз жылына шамамен 850 мың тонна авиаотын өндіре алады. Ал оған деген жылдық сұраныс түрлі есеп бойынша 1,1-1,2 млн тоннаға жетеді. Жетіспейтін көлемді Ресейден және басқа елдерден импорттаймыз», – деді Ерлан Ақкенженов.

Министр жуырда Алматы әуежайына Еуропадан авиациялық керосиннің алғашқы партиясы жеткізілгенін айтты.

«Енді әуе компаниялары қаласа, ұшақтарды еуропалық авиаотынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар», – деп толықтырды ол.