"Ресейдегі жағдайға байланысты теңгенің әлсіреуіне негіз жоқ" – Тимур Сүлейменов
Ұлттық банк Ресейдегі ахуал теңге бағамына айтарлықтай әсер етпейді деп есептейді.
Қазақстанның Ұлттық банкі Ресейдегі инфляцияның жеделдеуі және логистикалық шектеулердің күшеюі мүмкін деген тәуекелдерге байланысты ахуалды жіті бақылап отыр. Дегенмен қазіргі таңда теңге бағамына елеулі ықпал етеді немесе ақша-кредит саясатын өзгерту қажет болады деуге негіз жоқ. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысы кулуарында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Ресей Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі болғандықтан, көрші елдегі бағаның өсуі Қазақстан нарығына да әсер етуі ықтимал.
Бізде Ресеймен экспорт пен импорт көлемі өте үлкен. Егер Ресейде инфляция өсіп, баға қымбаттай бастаса, бұл сауда серіктесі ретінде бізге де белгілі бір деңгейде әсер етеді. Бірақ бағаның қаншалықты өсетінін, қандай тауар топтарына ықпал ететінін және оның нақты салдары қандай болатынын қазірден айтуға болмайды. Тіпті Ресейдің өз сарапшылары да бүгінгі күні толыққанды болжам жасауға асығар емес, – деді Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк төрағасы реттеуші орган келіп түсіп жатқан барлық деректерді талдауды жалғастырып жатқанын және асығыс қорытынды жасауға ниетті емес екенін айтты.
Сондай-ақ ол бұл жағдайдың базалық мөлшерлемеге ықпалы туралы пікір білдіріп, шешімдер макроэкономикалық статистика мен экономикалық үдерістердің даму қарқынына қарай қабылданатынын атап өтті.
Сонымен бірге оның бағалауынша, Ресейде болып жатқан үдерістер теңге бағамына айтарлықтай әсер етпеуі тиіс.
Менің ойымша, бұл валюта бағамына айтарлықтай ықпал етпейді. Себебі экономикамыздың іргелі негіздері сақталған. Биыл төлем балансы аздаған профицитпен немесе нөлге жуық деңгейде болады деп күтіп отырмыз. Бұл елімізде валюта тұрақтылығын қамтамасыз ететін негіздің бар екенін көрсетеді, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Ол сондай-ақ инфляциялық тәуекелдерді шамадан тыс бағаламауға шақырды. Оның айтуынша, Қазақстанда қазір егін жинау науқаны жалғасып жатыр, ал негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету деңгейі жеткілікті жоғары күйінде қалып отыр.