Ресейде Талғат Бигелдинов атындағы дәрісхана ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Воронеж қаласындағы Әскери-әуе академиясының командалық факультетінде және авиацияның жауынгерлік іс-қимылдарын қамтамасыз ету факультетінде оқитын қазақстандық әскери қызметшілер – магистратура тыңдаушыларының күшімен аты аңызға айналған ұшқыш, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов атындағы дәрісхана ашылды. 

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Дәрісхананы құру идеясын оқу орнының басшылығы қолдады. Академия бастығының әскери-саяси жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Андрей Еремин Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қол жеткізуде қазақстандық жауынгерлердің орасан зор үлес қосқанын атап өтті.

Магистратура тыңдаушыларының атынан сөз сөйлеген подполковник Бақытжан Үсібәлиев даңқты ұшқыштың өмірі мен ерліктері туралы деректер айтты.

Алматы қаласының Орталық мемлекеттік архивінен дәрісханаға арналған экспонаттар, атап айтқанда Талғат Бигелдиновтің мемлекеттік наградаларын қоса алғанда, оның жеке заттары, Ил-2 ұшағының макеті, «Алтын жұлдыз» медальдары мен наградтау құжаттарының көшірмелері, архивтік фотосуреттері берілді.

Даңқты ұшқыштың туған күнінде Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында еске алу іс-шаралары болып өтті. Әскери қызметшілер екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің мүсініне гүл шоғы салынған себеттер қойды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы