21 Ақпан 2026, 20:15 Фото: pixabay.com

Ресейде жоғалған тікұшақ табылды: Үш адам қаза болды

Ресейдің Амур облысы аумағында жоғалып кеткен Robinson тікұшағын іздеу жұмыстары аяқталды.

Ресейлік құтқарушылар апат болған орынды және қаза тапқан үш адамның денесін тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ТАСС агенттігінің мәліметінше, тікұшақ 19 ақпанда жергілікті уақытпен шамамен сағат 23:00-де Амаранка ауылынан 130 шақырым қашықтағы орман дайындау алаңынан ұшып шыққан. Бортта ұшқыш, тергеуші және полиция қызметкері болған. Олар оқиға орнынан қайтып келе жатқан.

Ресей Федерациясының Тергеу комитеті таратқан ақпаратқа сәйкес, құқық қорғау органдары орман дайындау кәсіпорны қызметкерінің қаза болуына байланысты оқиға орнында жұмыс істеген. Дереккөздердің айтуынша, ұшуға рұқсат тиісті түрде рәсімделмеуі мүмкін.

20 ақпанда басталған іздестіру операциясы алғашында нәтиже бермеген. Кейін әуе кемесінің сынықтары табылды. Апаттың мән-жайы анықталып жатыр.