11 Шілде 2026, 09:49 Фото: pixabay.com

Ресейде суши мен ролл жегеннен кейін 19 адам уланып қалды

Жаппай улану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, 12 адамның жағдайы орташа ауыр деп бағалануда.

Мәскеу облысының Зарайск қаласында кафелердің біріне барғаннан кейін 19 адам тағамнан улану белгілерімен дәрігерлердің көмегіне жүгінді.

Тергеу органдарының мәліметінше, зардап шеккендер 9 және 10 шілде күндері ауруханаға түскен. Анықталғандай, олардың 16-сы бір қоғамдық тамақтану орнында болған. Зардап шеккендердің арасында жеті кәмелетке толмаған бала бар.

Уланғандардың айтуынша, денсаулықтары нашарламас бұрын суши мен ролл жеген. Барлығына қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Мәскеу облысының Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 12 науқастың жағдайы орташа ауыр деп бағаланған.

Жаппай улану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.