Ресейде қазақ ертегілерінің жинағы шықты
Мәскеудегі Қазақстанның Елшілігінде «Үш жүз қазақ ертегісі» екі томдық кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жинаққа ХIX – ХХ ғасырдың бірінші жартысында жинақталған, орыс тіліне аударылған және әртүрлі басылымдарда жарияланған қазақ халық ертегілері енгізілген. Оған белгілі фольклортанушы Виктор Сидельников дайындаған Қазақ КСР Ғылым академиясының үш томдық (1958-1964) басылымының мәтіндері негіз болды.
Шараны ашқан Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев жинақты қазақ халқының бай мәдениетін танытатын жай ғана кітап емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан, шекараны білмейтін сиқырлы, шытырман оқиғалы және даналық әлемі деп атады. Ол екі томдық кітап әркімге балалық шаққа қайта сүңгіп, ертегі оқиғасын жаңаша сезінуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Елші шығармашылық ұжымға қазақ әдебиетіне осындай жылы көзқарасы үшін алғысын білдірді.
Өз кезегінде басылымның бірлескен бастамашысы, Мемлекетаралық даму корпорациясының бас директоры Иван Поляков кітап идеясының қалай туғандығымен бөлісті. «Жас кезімде қазақ ауыз әдебиеті маған қатты әсер етті. Көп жылдардан кейін мен балаларымды Қазақстанның халық өнерімен таныстырғым келді. Алайда мен еш жерден лайықты әдебиет таба алмадым. Осыған байланысты қазақ ертегілерін қайта басып шығару жұмыстарын жүргізу идеясы туындады», – деп атап өтті Иван Поляков және кітап Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға септігін тигізетінін айтты.
«Весь Мир» баспасының директоры әрі бас редакторы Олег Зимарин Қазақстанға сапарларының бірінде қазақ ертегілерімен таныс болғанын еске алды. «Ертегілер – ұлттық болмыстың, мінездің, психологияның, адамдық даналықтың көрінісі. Қарапайым өмірде біз ұлттық фольклорға қаншалықты қаныққанымызды да толық түсінбейміз», – деді ол.
Шараға қатысушылардың айтуынша, шым-шытырық сюжетті, әзіл мен қиялды қамтитын тартымды мәтіндері бар «Қазақтың үш жүз ертегісі» жинағы өз оқырманын тауып, барлық жастағы адамдардың қызығушылығын тудырмақ.
Жоба Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы Елшісі Ермек Көшербаевтың бастамасымен және қолдауымен жүзеге асты. Кітаптағы иллюстрацияларды екі жас суретші Әйгерім Уәлиханова мен Ксения Буркова жасаған.