Ресейде өрт кезінде денесінің 70 пайызын күйік шалған 24 жастағы қазақстандық көз жұмды
Ауыр күйік шалған жігіт үш күннен кейін ауруханада қайтыс болды.
Ресейдегі өрт кезінде денесінің 70 пайызын күйік шалған 24 жастағы қазақстандық қайтыс болды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі BAQ.KZ сауалына жауап жолдап, ақпаратты растады.
ҚР СІМ 15 тамызда Омбыдағы құрылыста болған өрттен зардап шегіп, 18 тамызда алған жарақаттарынан қайтыс болған Қазақстан азаматы Максим Багинскийдің қазасына қатысты түсініктеме берді.
Өрттен 11 адам зардап шеккен
Анықталғандай, 2002 жылы туған жас жігіт денесінің шамамен 70 пайызын ауыр күйік шалып, үш күннен кейін ауруханада қайтыс болған. Жалпы бұл өрттің салдарынан 11 адам зардап шеккен.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 2026 жылғы 18 тамызда Омбы қаласындағы өрттің салдарынан қаза тапқан Қазақстан Республикасының азаматы Максим Багинскийдің туған-туыстары мен жақындарына көңіл білдіреді. Қазақстанның Омбы қаласындағы Бас консулдығы барлық қажетті консулдық-құқықтық көмекті, соның ішінде құжаттарды рәсімдеуге және азаматтың қаза табу жағдайларына қатысты Ресейдің құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл жасауға жәрдем көрсетуде. Сыртқы істер министрлігі қаза тапқан азаматымыздың отбасымен байланыста және өз құзыреті шегінде қажетті көмек көрсетуде, - деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.