Ресейде ескірген экологиялық стандарттағы жанармайды пайдалануға қайта рұқсат берілді
Тиісті қаулыға Ресейдің премьер-министрі Михаил Мишустин қол қойды.
Ресей үкіметі 2026 жылдың соңына дейін «Еуро-3» экологиялық стандартына сәйкес келетін бензин мен дизель отынын өндіруге және айналымға шығаруға қайтадан рұқсат берді.
Тиісті қаулыға Ресейдің премьер-министрі Михаил Мишустин қол қойды.
«Еуро-3» стандарты бүгінде ескірген болып саналады, өйткені ол қолданыстағы «Еуро-5» стандартына қарағанда күкірттің едәуір жоғары мөлшеріне жол береді. Мысалы, «Еуро-3» бензинінде бір килограмға 150 мг-ға дейін, ал дизель отынында 350 мг-ға дейін күкірт болуы мүмкін. Ал «Еуро-5» стандарты бойынша бұл көрсеткіш 10 мг/кг-нан аспауы тиіс.
Ресейдің Энергетика министрлігі бұл шешім ішкі жанармай нарығындағы тұрақтылықты сақтау мақсатында алдын алу шарасы ретінде қабылданғанын мәлімдеді. Мұндай жанармайды тек жекелеген мұнай өңдеу зауыттары өндіре және сата алады.
Сонымен қатар, «Еуро-3» стандарты бойынша өндірілген бензин мен дизель Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) бірыңғай сәйкестік белгісімен таңбаланбайды және ұйымға мүше басқа мемлекеттердің нарығына шығарылмайды.
Бұған дейін Ресей билігі уақытша «Еуро-2» және «Еуро-4» стандарттарындағы жанармайды қайта айналымға енгізу, сондай-ақ оны импорттауға қойылған талаптарды жеңілдету мүмкіндігін де қарастырып жатқаны хабарланған болатын. Айта кетейік, Ресейде «Еуро-2» бензінін сатуға 2013 жылдан бері тыйым салынған.
Сарапшылардың пікірінше, экологиялық талаптарды жеңілдету жанармай өндірісін оңайлатып, жоғары сапалы өнім шығара алмайтын мұнай өңдеу зауыттарының жұмысын жалғастыруға мүмкіндік береді. Алайда мұндай отынды пайдалану заманауи автокөліктердің жұмысына кері әсер етуі мүмкін.
Бұл шешім Ресейдің мұнай өңдеу саласындағы күрделі жағдай аясында қабылданды. Мұнай өңдеу зауыттарына жасалған бірқатар шабуылдардан кейін бензин өндірісі азайып, бірнеше өңірде жанармай жеткізуде іркілістер тіркелді. Салалық сарапшылардың мәліметінше, бензин қоры азайып келеді, ал оны сатуға қатысты шектеулер Ресейдің 40-тан астам өңірінде енгізілген.
Айта кетейік, бұған дейін сарапшылар Ресейдегі жанармай тапшылығы Қазақстан үшін дағдарыс туғызбайды деп мәлімдеген болатын.