Ресейде аралар жаппай қырылуда
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресейдің 30-дан астам аймағында аралардың жаппай қырылу дерегі тіркеліп, омарташылар дабыл қағуда. Бұл туралы «Хабар 24» жазды.
Төтенше жағдайдан бал шаруашылығымен бірге көптеген өсімдік пен дәнді-дақыл тозаңданбай, экологиялық апат туындауы мүмкін. Әзірге ел аумағы бойынша қанша ара өлгені белгісіз. Мәліметтер әртүрлі.
Ресей Ауыл шаруашылығы министрлігі шығын аса көп емес – 3%-дай ғана десе, осы саладағы кәсіби одақтың бірі оның көлемі 20% екенін айтады.
Ал Ресей Омарташыларының ұлттық қауымдастығы аралардың жаппай қырылуынан келген шығын көлемі 3 трлн рубль деп отыр.
"Аралардың жаппай қырылуы фермерлердің жерлерді өңдеу кезінде химиялық тыңайтқыштарды қадағалаусыз қолдануынан болған деп ойлаймын. Олар омарташыларды алдын ала ескертпейді. Кей шаруалар да өз қожалықтарын тіркемейтіндіктен, оларды хабардар етіп отыру қиын. Меніңше, аралардың қырылуының басты себептері осы", - деді омарта шаруашылығының қожайыны Михаил Третьяков.