Бүгiн 2026, 13:17 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Ресей жаңа ТЖАР жүйесін енгізеді: Бұл қазақстандық бизнеске қалай әсер етеді

Жүйені енгізудегі негізгі мақсат – тауар айналымының ашықтығын арттыру.

26 мамыр күні Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында Ресей Федерациясында тауар жеткізілімін алдын ала растау жүйесін (ТЖАР) енгізуге арналған кеңес өтті. Талқылауды ұйымдастыру бастамасын қазақстандық тарап көтерді. Жиынға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің мемлекеттік органдары, бизнес қауымдастықтары мен салалық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Жалпы талқылауға экономиканың түрлі салаларынан 100-ден астам адам қосылды.

ТЖАР жүйесі қалай жұмыс істейді?

Кеңес барысында Ресей Федерациясының Федералдық салық қызметі мен Ресей Федерациясының Федералдық кеден қызметі өкілдері жаңа жүйені енгізу тәртібін түсіндіріп, Ресей нарығына тауар жеткізу кезінде туындайтын практикалық мәселелер бойынша сұрақтарға жауап берді.

ТЖАР – ЕАЭО елдерінен Ресей Федерациясына жеткізілетін тауарларды алдын ала растауға арналған ұлттық жүйе. Жүйе аясында жеткізілімді алдын ала тіркеу, тауардың алдағы жеткізілімі туралы құжатты рәсімдеу, жанама салықтар бойынша кепілдік төлем енгізу және жүйеде тіркеуден өткенін растайтын QR-код алу қарастырылған.

Жаңа талаптар Ресей Федерациясының 2026 жылғы 17 сәуірдегі №101-ФЗ «Тауар жеткізілімін алдын ала растаудың ұлттық жүйесі туралы» федералдық заңы мен Ресейдің салық заңнамасына енгізілген өзгерістер негізінде енгізіліп отыр.

Жүйе қашан міндетті болады?

2026 жылдың 1 сәуірінен бастап ТЖАР жүйесі пилоттық режимде жұмыс істеп келеді. Ал 2026 жылдың 1 маусымынан бастап оны қолдану міндетті болады.

Ресей тарапының айтуынша, жүйені енгізудегі негізгі мақсат:

  • тауар айналымының ашықтығын арттыру,
  • жанама салықтардың толық әрі уақытылы төленуін қамтамасыз ету,
  • тауар қозғалысын тиімді бақылау.

Сонымен қатар бақылау рәсімдерінің басым бөлігі шекарадан өтпей тұрып жүргізіледі.

Бизнес қандай мәселелер көтерді?

Талқылау барысында бизнес өкілдері жүйеде тіркелу тәртібі, құжаттарды рәсімдеу мерзімі, кепілдік төлемдерді қолдану ерекшеліктері және жаңа талаптардың логистика мен жеткізу мерзімдеріне ықпалына қатысты бірқатар сұрақ көтерді.

Қатысушыларға барлық мәселе бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сонымен бірге Ресей Федерациясының Федералдық кеден қызметі жаңа талаптарды кезең-кезеңімен және барынша жеңілдетілген форматта енгізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Шекарада мобильді топтар жұмыс істейді

Жүйені енгізу процесін сүйемелдеу үшін Қазақстан–Ресей бағытындағы 30 өткізу бекетінде, сондай-ақ Беларусь–Ресей шекарасындағы 11 учаскеде мобильді топтар құрылмақ.

Бұл топтар сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға консультациялық және практикалық қолдау көрсетеді.

Жаңа жүйе қазақстандық бизнеске қалай әсер етеді?

Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда көлемін ескерсек, ТЖАР жүйесінің енгізілуі бизнес үшін маңызды өзгерістердің біріне айналып отыр.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Ресейге экспорты шамамен 8,1 млрд АҚШ долларын құрады. Жеткізілімдердің басым бөлігі автомобиль көлігі арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан жаңа талаптар ең алдымен осы бағыттағы тасымалдарға тікелей әсер етеді.

Кеңес қорытындысында қатысушылар ЕАЭО аясындағы жаңа сауда талаптарына сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың дер кезінде бейімделуі үшін мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық арасындағы ашық әрі тұрақты диалогты жалғастырудың маңызын атап өтті.