Ресей шекарасынан өте алмай қалған отандастарымыз үшін «жасыл дәліз» құрылады
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кеше Ресей Федерациясының вице-премьерімен сөйлестім. Өйткені шекарада өте алмай тұрған қазақстандық азаматтар да бар. Келіссөздер жүргіздік, себебі азық-түлік тиеген көліктер де тұр. Ол сәйкес ереже жасады. Бүгін шекара қызметі бір-бірімен келіседі. Біз ең алдымен өз азаматтарымыз бен азық-түлік таситын көліктер үшін «жасыл дәлізді» қамтамасыз етуге тырысамыз, - деп атап өтті Сенаттың жалпы отырысынан кейін кулуарда тілшілердің сауалына жауап берген Серік Жұманғарин.
Айтуынша, «жасыл дәліз» мемлекеттік шекарадағы өткізу бекетінде 29-30 қыркүйекте ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі елге ағылып келіп жатқан ресейліктер ағыны азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етпейтінін айтқан болатын. Сонымен қатар министр бұл мәселе бойынша мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен жиналыс өткізген.