Ресей Путинді қамауға алу ордерін шығарған прокурорды іздеуге жариялады
Мәскеу МУС прокуроры Карим Хан мен тағы 8 өкілін қамауға алып, Ресейге беру туралы бірқатар елге сұрау жолдады.
Ресей Бас прокуратурасы Халықаралық қылмыстық соттың (МУС) тоғыз өкілін қамауға алып, Ресейге экстрадициялау туралы Нидерландтың Әділет және қауіпсіздік министрлігіне және бірқатар басқа елдерге сұрау жолдады. Бұл туралы РФ Бас прокуратурасы хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, сұрау МУС төрағасы Петр Хофманскийге, соттың бірінші вице-төрағасы Лусиль-Клер Каррансаға, прокурор Карим Ханға және МУС судьялары Томоко Аканэ, Рейс Айтал, Серхио Херардо Угальде Годинес, Бертрам Шмитт, Розарио Алапини-Гансу және Хайсам Махфудқа қатысты жолданған.
Ресей Бас прокуратурасының хабарлауынша, аталған тұлғалар 2025 жылғы желтоқсанда Мәскеу қалалық сотының үкімімен сырттай кінәлі деп танылған. Оларға Ресей Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы, соның ішінде көрінеу кінәсіз адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту немесе заңсыз қылмыстық іс қозғау, заңсыз ұстау және қамауға алу, сондай-ақ халықаралық қорғаудағы тұлғаларға немесе мекемелерге шабуыл жасау не оған қатер төндіру туралы баптар бойынша айып тағылған.
Ресей тарапының мәлімдеуінше, аталған МУС өкілдері халықаралық іздеуде жүр.
Бұған дейін МУС прокуроры Карим Хан Ресей президенті Владимир Путин мен Ресейдегі Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Мария Львова-Беловаға қатысты қамауға алу ордерлерін сұраған болатын. 2023 жылғы наурызда МУС Путин мен Львова-Беловаға қатысты қамауға алу ордерін шығарған.
Ресей МУС-тың юрисдикциясын мойындамайтынын мәлімдеп келеді. РФ Бас прокуратурасы таратқан хабарламада Мәскеу 2016 жылы Рим статутына қатысушы болмау туралы шешім қабылдағанын және Ресей Федерациясы МУС юрисдикциясын мойындамайтынын атап өтті.
Ресей Бас прокуратурасы өз мәлімдемесінде МУС өкілдерінің Ресей азаматтарына қатысты әрекеттерін заңсыз деп санайтынын және сот шешімдері халықаралық құқық нормаларына қайшы қабылданғанын мәлімдеді.