Ресей Пальмираның солтүстік-шығысын бомбалады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресей қорғаныс министрлігі дүйсенбі күні Пальмираның солтүстік-шығысындағы "террористер нысанына" әуеден соққы жасағанын хабарлады.
Arabnews агенттігінің жазуынша, террористер шоғырланған нысандар анықталғаннан кейін Ресей әуе-ғарыш күштері шамамен 200 содыр мен екі жасырын нысанның көзін жойған.
Сириядағы қарсы тараптарды бітістіру және босқындар легін бақылау орталығының мәліметінше, Пальмираның солтүстік-шығысында содырлардың жасырын базасы орналасқан, онда түрлі аймақта теракт жүргізу мақсатында содырлар тобы жасақталып отырған.
Террористер орны айқындалғаннан кейін Ресей әуе-ғарыш күштері нысандарға соққы берген. Соның нәтижесінде екі жасырын нысан, 200-ге дейін содыр, ірі калибрлі пулеметтері бар 24 пикап, сонымен бірге шамамен 500 кило оқ-дәрі және бомба жасауға қажет бөлшектер жойылған.