Ресей мұнайын Қытайға тасымалдау арқылы Қазақстан қанша табыс табады?
Қытайға қосымша 2,5 млн тонна ресейлік мұнай тасымалданады.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстан аумағы арқылы Ресей мұнайын Қытайға тасымалдау туралы келісімнің жай-жапсарын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, Ресей мұнайын Қытайға жеткізу көлемін арттыру жөніндегі келісім Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.
Кеше Қытайға қосымша 2,5 млн тонна ресейлік мұнай тасымалдау туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісім біздің транзиттік әлеуетімізді нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар қосымша табыс әкеледі: алдағы 10 жылда шамамен 250 млн доллар түсім күтіп отырмыз, – деді министр Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының кулуарында берген сұхбатында.
Айта кетейік, бұған дейін 18 мамырда Қазақстанның сыртқы сауда көлемі өсіп жатқаны белгілі болды. Қаңтар-наурыз айларында елдің тауар айналымы 10,5%-ға артып, 32,9 млрд доллардан асқан. Бұл ретте Қытай қазақстандық экспорттың ең ірі сатып алушысына айналса, Ресей ЕАЭО аясындағы саудада тауар жеткізу бойынша көшбасшылық орнын сақтап қалды.
Бұған дейін «ҚазТрансОйл» мұнай тасымалдау тарифтерін көтергенін айта кетейік.