Ресей мұнайын Қазақстан арқылы Қытайға тасымалдау мерзімі 10 жылға ұзартылды
Мәжіліс Ресей мұнайын Қазақстан аумағы арқылы Қытайға тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы Қазақстан-Ресей үкіметаралық келісіміне түзетулер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заң жобасын Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев таныстырды.
Оның сөзінше, құжат 2023 жылы 16 маусымда Санкт-Петербургте жасалған.
2014 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде Ресей мұнайының ҚР аумағы арқылы ҚХР-ға жалпы транзиті 90 899 271 тоннаны құрады. Жалпы түсім 1 327 000.000 долларды немесе 501 981 476 065 теңгені құрады.
Хаттамаға келісімді жүзеге асыру үшін құзыретті органдарды анықтауға қатысты өзгерістер енгізілді. Қазақстан тарапынан – Энергетика министрлігі, Ресей тарапынан – «Роснефть» мұнай компаниясы» қоғамдық акционерлік қоғамы. Келісімді жүзеге асыру Қазақстанға Ресей мұнайын алмастыру арқылы өз мұнайын сатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Ресей мұнайын Қазақстан арқылы тасымалдаудан жыл сайын ел бюджетіне қаржы түсетін болады. Бұдан бөлек Павлодар мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуаты да жүктеледі, - деді министр.
Энергетика министрінің сөзінше, келісімді ұзарту ПМХЗ-н Омбы-Павлодар мұнай құбыры арқылы ҚР-ға түсетін мұнаймен жүктеуді қамтамасыз етеді. Ешқандай тәуекелдер жоқ.
2024 жылдан 2033 жылға дейінгі кезеңде екі учаске бойынша ҚР аумағы арқылы ҚХР-ға Ресей мұнайының транзиті үшін күтілетін түсім 1 851 000 000 доллар алмастырудан түскен пайданы ескере отырып, 1 710 000 000 долларды құрайды, - деді Сәтқалиев.
Транзит көлемдері, мұнай транзиті үшін тарифтер мен төлемдерді жаңарту көзделеді. Ресей мұнайы жылына 10 млн тонна көлемінде белгілі бір бағытта магистральдық құбырлар жүйесі арқылы ұзақ мерзімді тасымалданбақ.