Ресей мектептеріне қазақ тілі мұғалімдері даярлануда

Ресейдің Омбы қаласында этникалық қазақтар саны артып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Осыған орай көрші елдегі бірнеше мектептерде қазақ тілі факультативтік пән ретінде оқытылуда. Алдағы уақытта мектептерде кәсіби білім беруге қабілетті жоғары білікті мұғалімдерді оқыту үшін қазақ және орыс тілі мұғалімдерін даярлау бағдарламасы жүзеге аспақ.

Бұл туралы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-не Ресейдің ОМСК педагогикалық университетінен келген ресми өкілдер мәлімдеді. Атап айтқанда, Омск мемлекеттік педагогикалық университетінің Ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, экономика ғылымдарының докторы, доцент Ирина Геращенко, Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Людмила Бевзюк, Орыс тілі кафедрасының меңгерушісі Евгений Виданов, Аркадий Петрусевич.

Ресейлік ғалымдарды университет басқарма төрағасы-ректор Гүлжан Сүгірбаева қабылдап, әріптес ЖОО-мен ынтымақтастық келісімшартты жаңарту, академиялық ұтқырлық, тағылымдама және халықаралық бағдарламалар мен жобалар, ғылыми-зерттеу жұмыстары мәселелерін талқылады.

Университеттің академиялық мәселелері жөніндегі проректоры А.Құдышева, кафедра меңгерушілері Д.Байғұтова мен Э.Орынбетоваға әріптес ЖОО-ның орыс тілі кафедрасының меңгерушісі Е.Виданов, А. Петрусевичпен бірге жаңа жобаны жүзеге асыруға байланысты біршама міндеттер жүктелді.

Бүгінде ОҚПУ жоғары білім мен ғылымды интернационалдандыру саясатын қарқынды жүзеге асыруда. Университет әлемнің түрлі географиялық аймақтарының, атап айтқанда, Еуропалық одақтың, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия, ТМД елдерінің 100-ден астам жоғары білім беру және зерттеу ұйымдарымен ынтымақтастық туралы меморандумдар мен халықаралық келісімдерге қол қойған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі
Өзгелердің жаңалығы