Бүгiн 2026, 07:30 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Ресейден импорт, Қытайға экспорт: Қазақстанның газ балансында қандай қайшылық бар?

Қазақстанның өз газ қоры ішкі сұранысты толық жабуға жеткілікті болса, онда Ресейден импорт көлемін не үшін ұлғайту қажет?

Қазақстанның Энергетика министрлігі BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабында қазіргі таңда елдегі тауарлық газ ресурстары ішкі нарық қажеттілігін толық қамтамасыз ететінін мәлімдеген еді. Ведомствоның дерегінше, жылдық тұтыну көлемі 21,6 млрд текше метрді құрайды және қолда бар ресурстар осы сұранысты жабуға жеткілікті.

Министрлік Ресейден импортталатын газ тек Қазақстандағы ірі газ өндірушілердің бірі жоспардан тыс тоқтап қалған жағдайда резервтік құрал ретінде ғана пайдаланылатынын атап өткен болатын.

Алайда бұл мәлімдемелерден кейін тағы бір маңызды ақпарат жария болды.

Ұлттық QazaqGaz компаниясы 2026 жылы Ресейден 6 млрд текше метрге дейін табиғи газ сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы компанияның 700 млн доллар көлеміндегі еурооблигацияларды орналастыруға арналған проспектісінде көрсетілген. Құжатта импорт көлемінің ұлғаюы ішкі тұтынудың артуымен байланыстырылған. Бұл жағдайда заңды сұрақ туындайды: егер Қазақстанның өз газ қоры ішкі сұранысты толық жабуға жеткілікті болса, онда Ресейден импорт көлемін не үшін ұлғайту қажет?

Қазақстан газ өндіреді, бірақ оның бәрі нарыққа шықпайды

Energy Monitor қоғамдық қорының жетекшісі, сарапшы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, Қазақстан мұнайға бай мемлекет болғанымен, табиғи газ қоры бойынша жағдай күрделірек.

Елде жыл сайын шамамен 60 млрд текше метр газ өндіріледі. Алайда бұл көлемнің барлығы тұтынушыларға жетпейді.

Қазақстанда өндірілетін газдың шамамен 55 пайызы ілеспе газ болып саналады. Оның құрамында күкірт пен басқа да қоспалар бар, сондықтан алдымен өңделуі қажет. Сонымен қатар өндірілген газдың жартысынан астамы кен орындарындағы қысымды ұстап тұру үшін қайтадан қабатқа айдалады. Бұған қоса, өндіруші компаниялар газдың бір бөлігін өздерінің технологиялық қажеттіліктеріне пайдаланады. Соның нәтижесінде нарыққа шығатын тауарлық газ көлемі шамамен 29 млрд текше метр ғана болады,- дейді ол.

Энергетика министрлігі келтірген 2025 жылғы мәліметтер де осы үрдісті көрсетеді.

Ведомствоның дерегіне сәйкес, тауарлық газ өндірісі - 27,47 млрд текше метр, ішкі тұтыну–21,6 млрд текше метр, экспорт- 5 млрд текше метр және қабатқа қайта айдау-33,5 млрд текше метр. Яғни қайта айдалатын газ көлемі өндірілген тауарлық газ көлемінен де жоғары.

Қытай алдындағы міндеттеме импортқа итермелей ме?

Сарапшы Қазақстанның газ саясатына әсер ететін негізгі факторлардың бірі Қытаймен жасалған ұзақмерзімді келісімдер екенін айтады.

Қазіргі уақытта өндірілген газдың бір бөлігі экспортқа шығарылады. Оның негізгі бағыты – Қытай.

Қазақстан Қытай бағыты бойынша құбырлық міндеттемелерді орындауға тиіс. Белгілі бір көлемдегі газ тұрақты түрде жеткізіліп отыруы керек. Егер келісілген көлем орындалмаса, айыппұл санкциялары туындауы мүмкін. Сондықтан Қазақстан бір жағынан Қытайға газ экспорттап отырса, екінші жағынан ішкі сұранысты қамтамасыз ету үшін Ресейден газ импорттауға мәжбүр болып отыр,- дейді сарапшы.

Жұмағұловтың пікірінше, бұл жағдай сырттай қарағанда парадокс болып көрінгенімен, қазіргі газ нарығының нақты көрінісі осындай.

Газға сұраныс неге күрт өсіп жатыр?

Соңғы жылдары Қазақстанда газ тұтыну көлемі тұрақты түрде артып келеді. Оған бірнеше себеп бар.Біріншіден, елдегі газдандыру қарқыны күшейді. Бұрын көгілдір отын жетпеген өңірлерге жаңа инфрақұрылым тартылып жатыр. Екіншіден, көмірмен жұмыс істейтін жылу электр орталықтары кезең-кезеңімен газға көшірілуде.Үшіншіден, жаңа газ электр станциялары салынып жатыр.Төртіншіден, ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының сұранысы өсуде.

Сарапшы сөзінше де, соңғы 3-4 жылда газдандыру деңгейі шамамен 5 пайызға артып отыр.

Ақтөбе облысында, Жетісу өңірінде, Қостанай облысында жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сонымен бірге өнеркәсіптік кәсіпорындардың қажеттілігі де өсуде. Мысалы, Qarmet компаниясына бөлінген лимит шамамен 500 млн текше метр болса, олардың нақты сұранысы 2,8 млрд текше метрге дейін жетеді,- деп атап өтті ол.

Бірақ...

Сарапшы газ өңдеу зауыттарының кешігуі мәселені ушықтырғанын айтты.

Қазақстанда газ тапшылығы тәуекелін азайту үшін бірнеше ірі жоба қолға алынған болатын. Олардың қатарында Қашаған мен Жаңаөзендегі жаңа газ өңдеу зауыттары бар,- деді ол.

Алайда бұл жобалардың жүзеге асу мерзімі кейінге шегеріліп келеді.

Газға сұраныс өсіп жатыр. Бірақ жаңа өңдеу қуаттары уақытында іске қосылмай отыр. Сондықтан Қазақстан импортқа жүгінуге мәжбүр. Егер жоспарланған жобалар мерзімінде пайдалануға берілгенде, бүгінгі жағдай басқаша болар еді,- дейді сарапшы.

Алдағы жылдары Қарашығанақта жылына 5 млрд текше метр газ өңдейтін зауыт пен Қашағанда қуаты 2,5 млрд текше метр болатын жаңа кешен іске қосылады деп жоспарланған.

Газ бағасы қымбаттауы мүмкін бе?

Газ саласындағы тағы бір өзекті мәселе – тариф екені жасырын емес. Сарапшылар Қазақстанда ішкі нарықтағы газ бағасы ұзақ жылдар бойы өзіндік құнын толық жаппайтын деңгейде сақталып келе жатқанын айтады. Салдарынан өндірушілер жаңа жобаларға инвестиция салуға аса қызығушылық танытпады.

Қазақстанда 1000 текше метр газдың бағасы орта есеппен 70-80 доллар шамасында. Бұл халықаралық нарықтағы бағамен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Ал экспорттық бағыттарда баға 200-230 долларға дейін жетеді. Сондықтан ұзақ уақыт бойы ішкі нарық инвестиция үшін тартымсыз болды,- деп түсіндіреді сарапшы.

Үкімет қазір газ бағасын кезең-кезеңімен көтеру саясатын жүзеге асырып жатыр.

Өткен жылы тариф шамамен 33 пайызға өсті. Болжам бойынша биыл да осындай деңгейдегі индексация болуы мүмкін. Дегенмен өсімнің негізгі бөлігі өнеркәсіптік кәсіпорындарға әсер етеді. Халық үшін тарифтердің өсуі салыстырмалы түрде төмен болады деп күтілуде.

Ресей газы тоқтаса не болады?

Министрлік мәлімдегендей, ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін ресурстар жеткілікті. Сарапшылар да төтенше жағдайда Қазақстан қысқа мерзімде сұранысты жаба алатынын айтады. Ал Ресеймен жасалған келісім ол болашаққа жасалған жоспар деп қысқа қайырды жауапты орган.

BAQ.KZ редакциясы Энергетика министрлігінен 2025, 2030 және 2035 жылдарға арналған болжамды газ балансын, жаңа бу-газ қондырғыларының тұтыну көлемін, ықтимал тапшылық тәуекелдерін және өсіп келе жатқан сұранысты қандай көздер есебінен жабу жоспарланып отырғанын сұраған болатын. Алайда министрлік бұл сұрақтарға нақты жауап берген жоқ.

Дегенмен тұтыну көлемі өсіп жатқанда, жаңа газ электр станциялары салынып жатқанда және Ресейден импорт көлемін арттыру жоспары жарияланған кезде, Қазақстанның болашақ газ балансы туралы сұрақтар бұрынғыдан да өзекті бола түсті.

Ал әзірге ресми органдар «газ жеткілікті» деп мәлімдесе, ұлттық оператор импортты ұлғайтуға дайындалып отыр. Бұл жағдай елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен газ саласының ұзақмерзімді тұрақтылығы туралы ашық әрі нақты талқылаудың қажеттігін көрсетеді.