Ресей Айда атом электр станциясын салуды жоспарлауда
Ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясы Айдың бетінде жұмыс істейтін атом электр станциясының бес нұсқасын қарастырып жатыр. Қондырғының құрылымын 2027 жылы айқындап, оны 2030-жылдардың ортасында іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ «Страна Росатом»-ға сілтеме жасап.
Болашақ электр станциясының қуаты 10 киловатқа дейін болады. Қазір мамандар электр энергиясын алудың түрлі тәсілдерін – ядролық энергияны тікелей түрлендіруден бастап турбиналық қондырғыларды қолдануға дейінгі бағыттарды зерттеп жатыр.
«Біз келесі жылы оның келбетін таңдап, бұл жұмысты бастауымыз керек», – деді «Росатом» бас директоры Алексей Лихачев.
Айда АЭС не үшін қажет?
Электр станциясы Халықаралық ғылыми ай станциясының нысандарын, және ғылыми обсерваторияларды энергиямен қамтамасыз етуі тиіс.
2025 жылғы желтоқсанда «Роскосмос» Лавочкин атындағы ҒӨБ-пен (ғылыми-өндірістік бірлестікпен) 2036 жылға қарай ай электр станциясын құруға мемлекеттік келісімшарт жасасты. Жобада ғарыш аппараттарын әзірлеу, жерүсті және ұшу сынақтарын өткізу, сондай-ақ инфрақұрылымды тікелей Айда орналастыру көзделген.
Сонымен қатар «Росатом» мамандары ғарыштық сүйрегіш (буксир) үшін мегаватт класындағы ядролық қозғалтқыш әзірлеп жатыр. Оны ауыр жүктерді тасымалдау және алыс ғарышқа ұшу үшін пайдалану жоспарланған.
Айта кетейік, бұған дейін Ай бетінде көкөніс өсіруге арналған жылыжайлар салынуы мүмкін екені хабарланды.